23 қараша 2021 жылы Зеренді ауданында «Ақмола облысы бойынша 1920-1950 жылдардағы қуғын-сүргінге байланысты ғылыми-зерттеу жұмысы және архивтік құжаттарды саяси-құқықтық бағалау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Халықаралық конференцияға саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық жобалық кеңсе, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Ақмола облысы әкімдігі өкілдері, республикаға белгілі тарихшылар, архив және музей қызметкерлері мен шетел ғалымдары қатысты.
Конференцияның мақсаты – ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын және 1921-1922, 1931-1933 жылдардағы жаппай жасанды ашаршылық құбылыстарын, олардың себеп-салдарлық байланыстарын зерделеу, олардың барысы мен салдарын ұғыну, Ақмола облысындағы тоталитарлық-казармалық социализмнің теориясы мен практикасын бағалау және осы кезеңге тарихи ғылыми-құқықтық баға беру.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы шыққанға дейін саяси қуғын-сүргін тарихи кезеңі бойынша Республика көлемінде, соның ішінде Ақмола облысында жүйелі зерттеу жұмыстары ұйымдастырылмаған еді.
Осыған байланысты 2021 жылдың 19 қаңтарында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Ақмола комиссиясы құрылған болатын. Ал 2021 жылдың 11 маусымында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде Жобалық кеңсе ашылып, оған университеттің тарихшы-ғалымдары мен жергілікті өлкетанушы-зерттеушілер жұмысқа тартылды. Жобалық кеңсенің басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты мәліметтерді анықтап, оларды ақтау бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра отыра, тарихи әділеттілікті орнату.
Жобалық кеңсенің зерттеу жұмыстары нәтижесінде Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін құрбандары жазасын өтеген бірнеше жеке лагерьдің орны анықталды. Тіпті бір ғана Зеренді ауданында осындай 4 лагерь табылған. Лагерьді көзбен көрген куәгерлермен сұхбат-кездесу ұйымдастырылып, тың мәліметтер алынды.
ℹ️ Конференция қорытындысы бойынша бірнеше пікір айтылып, ортақ ұсыныс қаралды. Мәселен:
- Зеренді ауданына қарасты Уголки, Симферопольское, Үлгілі және Приречное елді-мекендерінің аумағында орналасқан жеке лагерлік бөлімшелерінің орнына 2022 жылдың 31 мамырдағы «Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне» қарай естелік белгітас қойып, маңайын қоршау;
- лагерлік бөлімшелерді Ақмола облысының киелі картасына енгізу және тарихи ескерткіштер ретінде мемлекеттік қорғауға алу;
- ұжымдық монографиялар мен құжаттар жинағын жарыққа шығару.
- Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанынан облыстық өлкетанушылар бірлестігін ашу.
- Ақмола облыстық телеарнасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған телебағдарламалар сериясын дайындап шығару.
- Сондай-ақ, жеке лагерлік бөлімшелер орналасқан жерге туристік маршрут дайындау.
- Жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша тарихи-танымдық деректі фильмдер топтамасын түсіру де жоспарда бар.