Кенжеғалиев Құлыш Көшенұлы

Өмірі мен қызметі туралы очерк

Кенжеғалиев Құлыш Көшенұлы (1945-2021 жж.) Айыртау ауданы, Қоскөл аулында 1945 жылы 28 шілдеде дүниеге келген. Оның әкесі Көшен колхозшы, анасы Сақыш Жүнісқызы үй шаруасымен айналысқан қарапайым адамдар болған. Құлыш Көшенұлы Айыртау ауданындағы Сырымбет орта мектебін бітіріп, осы мектепте 4 жыл математика, физика пәнінен мұғалім болып жұмыс істейді. 1972 жылы Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп,


Көкшетау қаласындағы №4 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, бір жылдан кейін Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепке ауысып, физика пәнінің мұғалімі, екі жылдан кейін Құлыш Көшенұлы осы мектептің дирек- тордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Болашақ ғалым ұс- таздық қызметпен қоса ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, зерттеу нәтиже- лерін «Мектептегі физика» атты халықаралық журналында жариялайды.


Құлыш Көшенұлы оқушылардың физика пәніне деген қызығушылығын арттыру мақсатында мектепте мамандандырылған кабинеттер ашты. Бұл кабинеттер замануи зертханалық жабдықтармен қамтылуы жағынан қала мектептері арасында танылып, басқа мектептерде осындай кабинеттердің ашылуына үлгі болды. Жас маманның кәсіби жаңашылдығы жоғары бағаланып, Құлыш Көшенұлының фотосуреті Көкшетау қаласындағы «Құрмет тақтасынан» орын алды.


Ғылыми-зерттеу жұмысымен терең айналысу мақсатында Құлыш Көшенұлы 1979-1980жж. «Физиканы оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түседі. Жас ғалым «Политехникалық біліктілігі мен дағдыларды қалыптастыру» тақырыбында ғылыми-зерттеулер жүргізіп, ғылыми жұмысы КСРО Жоғары аттестаттау комиссиясының сараптау мүшелері тарапынан жоғары бағаланды.


Өз педагогикалық тәжірибесіне сүйене отыра, «Электродинамика» бөлімінің материалы негізінде зерттеулер жүргізіп, А.Н. Леонтьевтің психологиялық теориясын толық растаған. Бұл педагогикалық эксперимент Қазақстанның барлық аймақтарында математикалық статистика әдісі негізінде жүргізіліп, ғылыми ортада әдістемелік жаңашылдық ретінде танылды.


Ғылыми жұмыста ұсынылған әдістемелік тұжырымдары В.И.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік институтының оқыту әдістемесі кафедрасында С.Каменецкийдің, М.Горький атындағы Челябинск мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры А. Усованың жетекшілігімен физиканы оқыту әдістемесі кафедрасында қарастырылып, КСРО-ның жетекші ғылыми орталықтарында жоғары бағаланды.


1984 жылы диссертациялық жұмысын Украина педагогика ғылыми-зерттеу институтының диссертациялық кеңесінде сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Ғалым теориялық физика кафедрасының доценті, Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі қызметін зерттеу жұмысымен үйлестіре білді. Зерттеу жұмысының нәтижелері «Мектептегі физика», «Қазақстан мектебі», «Физика, математика, информатика», «Поиск», және т.б журналдарда жарияланды. Құлыш Көшенұлы ғылыми ортада «Политехникалық дағдылар» психологиялық терминнің авторы ретінде танылды.


Құлыш Көшенұлы Кенжегалиевтің көп жылдық педагогикалық еңбегі жоғары бағаланды, ғалым Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры атанды, Ресей Жаратылыстану Академиясы Президиумының шешімімен отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін «В.И.Вернадский» медалімен марапатталды, «Білім және ғылымға еңбек сіңірген қызметкер» атағына ие болды. 1995 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен, 2001 жылы «Желтоқсан ардагерлері» медалімен, «Ш. Уәлиханов атындағы КМУ-не 50 жыл» мерей тойлық медалімен, екі мәрте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Ақмола облыстық Білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталып, 2009 жылы ғалымның есімі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Құрмет кітабына енгізілді. Көп жылдық ғылыми-педагогикалық еңбегі үшін Құлыш Көшенұлы Кенжегалиев 70 жылдық мерей тойында ҚР БҒМ «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.


Тәжірибелі ұстаз Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универ- ситетінің педагогика, психология және әлеуметтік жұмыс кафедрасында қы- змет етіп, педагогикалық мамандықтар бойынша магистранттарға «Жоғары оқу орындарының педагогикасы», «Жоғары оқу орындарының психологи- ясы», «Психологияда математикалық әдістерді қолдану», «Психологиядағы математикалық статистиканың элементтері» және бакалавриат бағдар- ламасы бойынша студенттерге «Жалпы педагогика» пәнінен дәріс оқыған. Құлыш Көшенұлы психология-педагогикалық қызметін магистранттардың диссертациялық жұмысына ғылыми жетекшілік етумен ұштастырып, «Педа- гогика және психология» мамандығы бойынша 20-ға жуық магистр даярлады, қазіргі кезде шәкірттерінің біразы педагогика және психология кафедрасында ұстаздық қызмет атқарып жүр.


Адами және ғылыми ұстанымдарды берік сақтайтын Құлыш Көшенұлы еліміздегі жас кадрлардың бірнеше буынының ардақты ұстазы ретінде әріптестері, магистранттары, студенттері және ата-аналар арасында ерекше құрметке ие болды.


Құлыш Көшенұлының 200-ге жуық ғылыми мақалалары мен бірнеше оқу құралдары, оқу-әдістемелік кешендері жарық көрді, мақалалары Ресей , Лондон, Чехия ғылыми журналдарында жарияланды. «Фундаментальные исследования» атты мақаласында ғылыми көзқарасы поэзия тілімен өрнектелген. Бұл ардақты ұстаздың ерекше қыры еді.


Құлыш Көшенұлының ғылыми мақалалары МБЦ Thomson Reuters және «Journal of Scientific Researsh and Development» Нигерия (Лагос) журналдарында, магистранттармен бірлесіп жазған мақалалары шетелдік және отандық басылымдарда (Москва, Санкт-Петербург, Киев, Вена, Лондон, Богемия университеті, Лагос университеті, Харьков, Челябинск, София, Ходжент, Астана, Алматы, Көкшетау қалаларында) жарияланды. 2010 ж. «Физикадан политехникалық құзыреттіліктерді қалыптастыру» атты монографиясы жарық көрді.


Құлыш Көшенұлы Кенжеғалиев облыстық, республикалық, халықаралық семинарларға белсене қатысып, ғылыми мақалалары «Казахстанская правда», «Казахстан ғылымы», «Алау» сияқты басылымдарда үздіксіз жарияланып тұрды. Ғалым-ұстаз кафедраның жас ғалымдарына тәлімгер болып, шәкірттеріне педагогика және психология саласындағы өзекті мәселелерді танып, зерделеуге бағыт-бағдар беріп, ғылыми жобалар бойынша кеңес беріп жүрді.


Профессор Құлыш Көшенұлы Кенжеғалиевтің ғылыми қызығушылықта- ры психология-педагогикалық зерттеулердің нәтижелерін математикалық өңдеу мәселесімен байланыстыру еді, қазақтың ұлы ақындары мен ағартушылары әл-Фараби, Баласағұн, Абай, Ы.Алтынсарин, Шәкәрім, М.Жұмабаев, М.Дулатов еңбектеріндегі позитивті психология мәселелерін зерттейді, өмірінің соңғы жылдары Абай шығармаларын психология тұрғысынан зерделеп, А. Маслоу теориясымен салыстыра талдайды.


Кез келген адамның өмірі мен дамуы ұстаз есімімен, оның жарқын бейнесімен тығыз байланысты. Өз шәкірттері үшін Кұлыш Көшенұлы Кенжеғалиев қатал да мейірімді, дана да сезімтал тәлімгер ұстаз бола білген. Кәсіби шеберлігі, өзінің сүйікті ісіне деген ынта-жігері мен адалдығы, жаңа идеялармен шәкірттерін жандандырып, оларды ғылым жолына жетелей білуі оның ерекше қасиеті болатын.


Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында еңбек еткен Құлыш Көшенұлы ұстаз деген ардақты атқа лайық адам еді.