27 желтоқсан 2021 жылы Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінде «KAZSTART» бағдарламасының қатысушыларымен кездесу өтті.
Кездесуге университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, "KAZSTARТ" жобасының ғылыми жетекшісі Байтук Ғалым Симбекұлы, "Қоғамдық келісім" КММ басшысы Нұғыманов Ермек Бекенұлы, жоба ұйымдастырушылары – қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушы Исина Аягөз Оразбекқызы, филология мамандығының 3 курс докторанты Искакова Гүлгүл Жеңісқызы және жоба қатысушылары – университеттің 1 курс студенттері қатысты.
Аталған жобаның мақсаты – тіл үйренушілердің ұлттық дүниетанымын кеңейтіп, адамдармен дұрыс тілдік қарым-қатынас жасауды үйрететін, оны тұлға ретінде әлеуметтендіруге мүмкіндік беретін қазақ тілінің танымдық және кумулятивтік қызметтерін меңгерту.
Айымдағы жылдың қарашасында басталған бұл пилоттық жобаға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын 13 студенті қатысты.
"KAZSTARТ" жобасы аясында әр қатысушы аптасына 3 рет барып, Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы Орталық әмбебеп сауда үйінің (ЦУМ) сатушылары мен қызметкерлеріне қазақ тілінің қарапайым деңгейдегі сөздерін, күнделікті өмірде қарым-қатынаста қолданылатын, қатысымдық міндеттерді шешуге керекті сөйлеу үлгілерін үйретті.
Жоба нәтижесінде Орталық әмбебеп сауда үйінің (ЦУМ) сатушылары бір ай көлемінде:
мемлекеттік тілде амандасуды;
күнделікті өмірде қарым-қатынасқа, қатысымдық міндеттерді шешуге керекті сөйлеу үлгілерін;
сауда-саттыққа қатысты 60-65 лексикалық бірлікті;
сандарды, заттың бағасын айтуды;
киім, тағам атауларын және т.б. сөздерді үйренді.
Жоба еріктісі университетіміздің «орыс тілі және әдебиеті» мамандығының 1 курс студенті Әліби Лес жоба туралы өз ойымен бөлісті:
«Біздің бастамамыз жаман емес. Сатушылар ингуш, татар, әзірбайжан, орыс, араб секілді әртүрлі ұлт өкілдері болды. Бір ай көлемінде қатысушыларымыз бірнеше жетістіктерге жетті. Қазақ тілінің грамматикасынан бастап, 70-80 сөз көлеміндегі сөздік құрамы пайда болды, қазақ тілінің «тән дыбыстарымен» жұмыс істедік. Келесі сатыда сауда-саттық сөздерін үйреттік. Жоба барысында біз қазақ тілін үйретіп қана қоймай, орыс тілін жетік білетін сатушылардан біз де тіл үйрендік. Білімімізді арттырып, тәжірибе жинау, тұлғааралық қарым-қатынас орнату, өзге ел азаматтарының психологиясын тану – біз үшін үлкен мәртебе, жетістік».
Кездесу барысында жобаға қатысушы еріктілерге 20 000 теңге көлеміндегі ақшалай және Жаңа Жылдық сыйлықтар тарту етілді