ҚР ДСМ гранттық қаржыландырудың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалары бойынша ақпарат

1) гранттық қаржыландыру 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру (іске асыру мерзімі - 36 ай)

Жоба туралы қысқаша ақпарат

Жоба атауы

AP25795233 «Солтүстік Қазақстан ішкі аймақтарының жылуылғалмен қамтамасыз ету жағдайларына жаздық бидай өнімділігінің тәуелділігін модельдеу»

Жоба жетекшісі

Айдарбекова Тойжан Жумагалиевна

Іске асыру мерзімдері

2025-2027

Қаржыландыру сомасы

29986561 тенге

Өзектілігі

Климаттың өзгеруі – Қазақстан ауыл шаруашылығының тұрақтылығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Солтүстік Қазақстанда соңғы онжылдықтарда ауа температурасының жоғарылауы, құрғақшылықтың жиілеуі және жауын-шашынның біркелкі түспеуі байқалады. Бұл үдерістер өнімділіктің айтарлықтай ауытқуына және климаттық тәуекелдердің артуына әкелуде.

Жаздық бидай аймақтың егіс алқаптарының 80 %-на дейінгі бөлігін алып жатыр, алайда оның өнімділігі тұрақсыз, сондықтан өнімділіктің жылу және ылғалмен қамтамасыз етілу көрсеткіштерімен өзара байланысын ғылыми тұрғыдан негіздеу қажет. Ғаламдық жылыну жағдайында климаттық факторларға байланысты өнімділікті болжауға және егіншілікті өзгеріп жатқан жағдайларға бейімдеуге мүмкіндік беретін үлгіні әзірлеу маңызды.

Жаздық бидай өнімділігінің жылу мен ылғал режиміне тәуелділігін модельдеу ең төзімді агроэкологиялық кіші аймақтарды анықтауға және егіс алқаптарын оңтайлы орналастыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстанның аграрлық секторын климаттық өзгерістерге бейімдеудің және дәнді дақылдар өндірісінің тиімділігін арттырудың ғылыми негіздерін әзірлеу өзекті мәселе болып табылады.

Мақсаты

Зерттеудің мақсаты жаһандық жылыну жағдайындағы климаттың өзгеру болжамын ескере отырып, жаздық бидай өнімділігінің Солтүстік Қазақстанның ішкі аймақтарындағы жылумен қамтамасыз ету жағдайларына тәуелділігін модельдеу болып табылады.

Жоба нәтижелері

Солтүстік Қазақстанның табиғи-аумақтық кіші аймақтарындағы климаттық жағдайлар туралы кең көлемді мәліметтер алынады. Бұл мәліметтер соңғы 50 жыл ішіндегі температуралық режимдердің өзгерісін, жауын-шашын мөлшерін және өсіп-өну кезеңінің ұзақтығын қамтиды.

Солтүстік Қазақстанның әрбір кіші аймағы бойынша жылу мен ылғалмен қамтамасыз етілу жағдайларына байланысты жаздық жұмсақ бидайдың өнімділігіне корреляциялық байланыс есептеліп, математикалық үлгі әзірленеді.

Ғаламдық жылыну мен климаттық жағдайлардың өзгеруі жағдайында жаздық бидай өнімділігінің ықтимал өзгерістеріне болжам жасалып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне егіс алқаптарын географиялық тұрғыдан оңтайландыру жөнінде практикалық ұсыныстар әзірленеді.

- Web of Science деректер базасындағы импакт-факторы бойынша алғашқы үш квартильге кіретін немесе Scopus деректер базасындағы CiteScore көрсеткіші кемінде 50 процентиль болатын журналдарда 2 (екі) ғылыми мақала жарияланады.

- Солтүстік Қазақстан кіші аймақтары бойынша жаздық бидай егіс алқаптарын орналастыруды оңтайландыру және оның өндірісінің тұрақтылығын арттыру жөнінде ұсынымдар әзірленеді.

Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалады.

Зерттеу нәтижелерін төмендегідей мақсаттарда қолдануға болады:

- «Қазгидромет» метеостанцияларының қызметкерлері оларды ағымдағы жылдардың агрометеорологиялық жағдайларын сипаттау және жаздық бидай өнімділігін болжау үшін пайдалана алады;

- жоғары оқу орындарының «География», «Биология», «Агрономия» білім беру бағдарламаларының бакалавриат студенттерін оқыту процесінде қолдануға болады.

Зерттеу нәтижелері «Экология» және «Агрометеорология» ғылымдарын қосымша мәліметтермен байытып, «Агроөнеркәсіп кешені экономикасы» ғылымына Солтүстік Қазақстанның кіші аймақтарын мамандандыру бойынша нақты ұсынымдар береді.

Солтүстік Қазақстанның кіші аймақтарында жаздық бидай егіс алқаптарын оңтайландыру жаздық бидайдың жоғары әрі тұрақты өнім алуына және жалпы өсімдік шаруашылығы саласының экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.