2025 жылғы 10 желтоқсанда Астана қаласында Esil University базасында Қазақстандағы Erasmus+ бағдарламасының Ақпараттық күні өтті. Бұл іс-шара халықаралық білім беру жобаларын іске асыруға және дамытуға белсенді түрде қатысып жүрген жоғары оқу орындарының өкілдерін, зерттеушілерді және әкімшілік қызметкерлерді біріктірген маңызды әрі ауқымды шара болды.

Ақпараттық күн аясында Esil University Erasmus+ бағдарламасының табысты бастамаларын таныстыру үшін көрме алаңын ұсынды. Осы алаңда Sh. Ualikhanov Kokshetau University командасы Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобаларды, соның ішінде:– ERASMUS+ /KA2/ CBHE 101177914 ESGCA — «Орталық Азиядағы білім беру және жұмыспен қамту салаларында экологиялық мәселелер, әлеуметтік қажеттіліктер және тиісті басқару арасындағы байланыстарды нығайту» жобасын таныстырды.

Ualikhanov University ұсынған экспозиция іс-шараға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Қонақтар жобаның тақырыптық бағытына, стратегиялық мақсаттары мен күтілетін нәтижелеріне, сондай-ақ ESG тәсілдерін жоғары білім беру жүйесіне және жұмыспен қамту саласына енгізудің практикалық тетіктеріне жоғары қызығушылық танытты. Ұсынылған жоба тұрақты басқаруды дамыту, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және университеттер, еңбек нарығы мен Орталық Азия елдеріндегі өзге де мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту арқылы экологиялық және әлеуметтік сын-қатерлерді шешуде кешенді тәсілдің маңыздылығын айқын көрсетті.