2025 жылғы 11 қыркүйекте «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығының өкілдері Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тау-кен ісі, құрылыс және экология кафедрасы базасында «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қалдықтарды басқару және климаттың өзгеруі саласында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау әлеуетін арттыру» тақырыбында тренинг өткізді. Бұл жоба Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен іске асырылуда.

Іс-шараға «Ангел» ҚБ, «Эко-Көкше» ҚБ, «Мейірім-Зерендi» ҚБ, «Өмірлік жол» ҚҚ, «Алтын Өркен бейбітшілік пен келісім қоры» ҚҚ сияқты қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, сондай-ақ тау-кен ісі, құрылыс және экология кафедрасының оқытушылары, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Тренинг барысында CirculEC Көкшетау университеті командасының мүшелері – Нұрмұханбетова Нұргүл, Құрманбаева Айгүл, Байкенова Гүлiм және Бельгибаева Анаргүл – Erasmus+ жобасы «Айналмалы экономика және тұрақты даму саласында инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу (CirculEC)» туралы ақпарат ұсынды. Жоба тұйық циклді экономикаға көшу үдерісін жеделдетуге және Тұрақты даму мақсаттары мен Жасыл келісім бастамаларын іске асыруға бағытталған.

Команда мүшелері университетте CirculEC жобасын іске асыру барысы туралы мәлімет беріп, сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ Erasmus+ KA2 CirculEC жобасы аясында өтетін циркулярлық экономика бойынша біліктілікті арттыру курстарын таныстырып, тренингке қатысушыларды қатысуға шақырды.

Курстар бағдарламасы қатысушылардың циркулярлық экономика саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған және жасыл экономика, тұрақты даму, циркулярлық және тұрақты кәсіпкерлік, сондай-ақ урбанистикалық экология тақырыптарын қамтиды. Курстарға қатысу қатысушыларға тұйық циклді экономика мен тұрақты даму саласындағы білімдерін кеңейтуге, сондай-ақ еуропалық компанияларда қолданылатын циркулярлық және тұрақты бизнес-модельдерді құру және іске асыру қағидаттарымен танысуға мүмкіндік береді.