11 ақпан, Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күніне орай, Ualikhanov University-дің үлкен командасы ғылыми жұмыс және өңірмен өзара әрекеттесу жөніндегі проректоры А.Д.Жакупова бастаған университетіміздің жетекші профессорлары мен оқытушылары құрамынан Нурмуханбетова Н.Н., Дурмекбаева Ш.Н., Ракишева Г.М., Сабитова Д.С., Ларионова С.В., Жумабаева А.А., Ескендирова А.А., Исмаилова А.Ж., Оразбаева К.О., Жантемирова М.Б., магистранттар және педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттермен бірге Степногорск қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы #6 мектеп-гимназиясы мен Сәкен Сецфуллин атындағы # 5 мектеп-лицейінде «Балалар университеті» және педагогикалық сынып аясында мастер-кластар өткізді.

Аталған іс-шара «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанынан құрылған Әйелдер қанатының қолдауымен ұйымдастырылды, сондай-ақ мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беруге, STEM-ғылымдарын насихаттауға және ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталды. 3-4 сыныптарда білім алатын қыздар үшін химия, биология, физика және математика пәндерінен қызықты сабақтар өткізілді.

Жас зерттеуші қыздар түрлі тәжірибелерге қатысып, табиғат құбылыстарын зерттеп, өздерін ғалым ретінде сынап көрді.Жоғары сыныптың (10-11 сынып) оқушы қыздары үшін үшін педагогика және психология бойынша мастер-кластар ұйымдастырылып, болашақ түлектер мұғалім мамандығы, оның қоғамдағы рөлі және білім беру саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы көбірек білді.

Ғылыми - зерттеу қабілеттерін дамыту – бұл тек келешектегі жаңалықтардың іргетасы ғана емес, сонымен қатар ойлау икемділігін, талдау машықтарын және тәуелсіздікті жетілдірудің кепілі. Мұндай қабілеттер жас ұрпаққа салмақты шешімдер қабылдауға, ақпаратты сындарлы тұрғыдан саралауға және кәсіби жолын нық қалыптастыруға ықпал етеді.

Бүгінде қыздарды ғылымға тарту – болашақтағы озық қоғамға жасалған инвестиция.