13 наурыз күні Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде...
13 наурыз күні Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Генеративті жасанды интеллект дәуіріндегі математика, физика және информатиканы оқытудың іргелі мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, магистранттар және білім беру саласындағы цифрлық шешімдерді әзірлеушілер қатысты. Кездесудің басты тақырыбы – жасанды интеллекттің ықтимал қауіптерін талқылаудан оны оқу процесіне енгізудің нақты әдістеріне көшу болды.
Конференцияда техника ғылымдарының докторы, МАЕН академигі Х.Ж. Байшагиров композициялық материалдардың деформациясын зерттеуде жасанды интеллектті қолдану мәселелерін қозғады. Бірінші курс магистранты Серікболқызы Айсулу «Білім беру мен ЖИ: инновациялық интеграция тәсілдері» тақырыбында баяндама жасаса, Жанадилов Тамерлан «Arduino платформасында роботты оқыту: нейрожелілер мен AI-құралдарының интеграциясы» тақырыбын ұсынды.
Қатысушылар GeoGebra платформасын жасанды интеллект элементтерімен бірге қолдану мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл құрал күрделі математикалық процестерді көрнекі түрде көрсетуге және абстрактілі ұғымдарды түсінуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар AR-технологиялар, физика бойынша виртуалды зертханалар және no-code құралдары негізінде ИИ-тьюторларды жасау мүмкіндіктері талқыланды.
Конференция барысында генеративті жасанды интеллект студенттер мен оқушылардың жобалық және зерттеу қызметіне жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді. Сонымен бірге интеллектуалды жүйелермен жауапты өзара әрекеттесу мәдениетін қалыптастырудың маңызы айтылды. Қатысушылардың пікірінше, жасанды интеллект қазіргі білім берудің маңызды құралына айналып, педагогтың рөлін өзгертіп, оны цифрлық білім беру шешімдерінің архитекторына айналдырып отыр.