Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың «Еріктілер жылы» болып жариялануы – қоғамдағы азаматтық белсенділік пен өзара көмек мәдениетінің маңызын айқындайтын маңызды қадам. Бұл бастама аясында Ualikhanov University қабырғасында еріктілер қозғалысы жаңа серпін алып, ауқымын кеңейтіп келеді.

Бүгінде университетте бірнеше белсенді еріктілер ұйымдары жұмыс істейді: «Мейірім», «QAZMED JASTARY», «QamQor», «Жастар Парламенті». Бұл ұйымдар жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және қоғам өміріне белсенді араласуына кең мүмкіндік беріп отыр.

Жуырда университетте еріктілердің қатысуымен екі маңызды кездесу өтті. Кездесулер барысында 2025 жылдың қорытындылары сараланып, 2026 жылға арналған негізгі бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, әлеуметтік, экологиялық, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік бағыттарын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесулер аясында студенттер университеттің төрт жатақханасында жаңадан құрылған еріктілер ұйымдарының жұмысын таныстырды. Атап айтқанда: №1 Студенттер үйі - «Сенім», №2 Студенттер үйі - «Жанашыр жүрек», №4 Студенттер үйі - «Шуақ», №1 жатақхана - «Бір жүрек».Бұл бастама студенттік ортада еріктілік мәдениетті одан әрі нығайтып, өзара қолдау мен жауапкершілік құндылықтарын дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, университетте «Еріктілер жылы – 2026» атты ішкі конкурсқа ресми түрде старт берілді. Байқаудың басты мақсаты – үздік еріктілік тәжірибелерді анықтап, белсенді жастарды қолдау.

Біздің еріктілердің қызметі тек университет шеңберімен шектелмейді. Олар Көкшетау қаласы мен Ақмола облысында өтетін маңызды қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, әлеуметтік осал топтарға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Еріктілердің еңбегі қала және облыс әкімдігі тарапынан бірнеше мәрте жоғары бағалануда.

Ualikhanov University еріктілері - бұл жай ғана белсенді жастар емес, бұл - қоғамға жанашыр, жауапкершілігі жоғары, болашаққа бейжай қарамайтын тұлғалар.