2025 жылғы 22 тамызда Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Технологияларды коммерциялау офисінің жетекшісі Р.Е.Нұрғазиевпен ауыл шаруашылығы нарығының қажеттіліктері мен ғылыми әзірлемелерді ендіру мүмкіндіктерін талқылау мақсатында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге: Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім жетекшісі – Хожабай М., Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау мемлекеттік комиссиясы Ақмола облыстық филиалының жетекшісі – Рамазанов А.Ж., Ауыл шаруашылығы және биоресурстар кафедрасының аграрлық ғалымдары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Кездесуді ашқан Рашит Есенгелдіұлы қазіргі таңда университеттің аграрлық ғалымдармен аграрлық бағытта гранттық, мақсаттық-бағдарламалық қаржыландыру, сонымен қатар шаруашылық-келісім шарттық негізде ғылыми зерттеулер орындалып жатқанын атап өтті. Кездесуде сөз алған қатысушылар ғылыми әзірлемелерді ендіру бойынша басымды бағыт – мал азығын және майлы дақылдарды өндіру екенін айтып, сонымен қатар ауыл шаруашығы саласын дамытудың өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша аграрлық ғалымдар Ақмола облысында мал азығы және майлы дақылдар өндірісін дамытудағы түйткілді мәселелерді шешу үшін өндіріспен бірлескен өзара тиімді жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.