2025 жылғы 25 сәуірде Рига қаласында (Латвия) Латвия университетінің 83-ші халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жас ғалымдар мен студенттер қатысты.
Олардың қатарында медицина және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерін таныстырған Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің Жоғары медицина мектебінің және «03_trends» ғылыми клубының белсенді студенттері де болды.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісіннің ғылыми жетекшілігімен келесі студенттер баяндама жасады:
• Қожахмет Карина, 2 курс студенті – «Қазақстандағы мешел ауруының географиялық таралу ерекшеліктері»;
• Шишкин Иван, 5 курс студенті – «Қазақстандағы қуықасты безі обырының сырқаттанушылық үрдістері»;
• Бирлесова Аружан, 6 курс студенті – «Қазақстандағы бадамша безі ауруларының сырқаттанушылық тенденциялары».
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Күлсара Рүстембекқызы Рүстемованың ғылыми жетекшілігімен баяндама жасаған:
• Мұсылман Аружан, 6 курс студенті – «Қазақстанның Ақмола облысындағы қант диабетінің таралуы».
Халықаралық конференцияға қатысу студенттердің кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Мұндай беделді ғылыми алаңда сөз сөйлеу – ғылыми нәтижелерін халықаралық аудиторияға таныстыруға, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.