ҚР Ғылым және жоғары білім министрініңжұмыс сапары2022 жылғы 28 қазан күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақмола облысына арнайы жұмыс сапарымен келді.
Министр жұмыс барысында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне ат басын тіреп, университетте салынғалы отырған жаңа Студенттік жатақханың құрылысына орай Заман капсуласын қалады.
Мәдени іс-шара Қуанышев 196, мекен-жайындағы жатақхананың алаңында өтіп, оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, университет ректоры Марат Сырлыбаев, сондай-ақ, университет проректоры мен ғалым-ұстаздар және оқу ордасының студент-жастары қатысты.
Университеттің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отырған игілікті іс-шара Достық үйінде жалғасын тапты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталмыш Мәдениет орталығында Ақмола облысының зиялы қауымымен, оның ішінде қоғам және мәдениет қайраткерлері, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, Жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстық және қалалық білім беру өкілдері және оқу ордаларының студент-жастарымен кездесіп, алқалы жиын өткізді.
Кездесу барысында министр Саясат Нұрбек жиылған қауымды Республика күнімен арнайы құттықтап, Білім және ғылым саласындағы оң өзгерістер мен бүгінгі күннің басты пробемаларына ерекше тоқталды.
Сөз барысында әр өңірде арнайы өкілдер Президенттің тапсырмасымен кездесулер өткізіп жатқандығын тілге тиек етіп, жұмыс сапарының маңыздылығын атап өтті.
Саясат Нұрбек жоғары білім берудегі, сондай-ақ еліміздегі тіл саясатының іске асырылуы жөнінде айта келе, бүгінде барлық ұстаздар қауымын толғандырып жүрген нақты істерге ауысты.
Министр еліміздегі және шет елдердегі ЖОО білім беру саласы мен оның дамуы, ғылым мен жоғары білім саласын қаржыландыру, инфрақұрылым, ұстаздардың жалақысы, еңбек нарығы, қазіргі таңдағы сұранысқа қажет мамандықтар, студенттердің әл-аухаты мен студенттік жатақханалар салу, өңірлік университеттерді дамытып онда алдыңғы қатардағы шетелдік ЖОО-ның филиалдарын ашу, сондай-ақ ұстаздардың білімін жетілдіру мәселесімен айналысу туралы сөз қозғады. Сонымен қатар білім ордаларындағы негізгі объектісі – студент-жастардың мәртебесін арттыру жөнінде баса айтты.
Шара барысында министрге өңірдегі ЖОО және басқа да білім беру мекемелерінің ғалым-ұстаздары мен студенттері түрлі сұрақтар қойып, нақты жауаптар алынды.
Алқалы жиын соңында Ақмолалықтар министрге бүгінгі маңызды да мағыналы кездесу өткізгендігіне өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Одан әрі ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шоқан Уәлиханов университетінің ғалым-ұстаздарымен кездесіп, білім ордасын аралады. ЖОО материалдық техникалық базасымен, ғылыми жетістіктерімен, технологиялық көрсеткіштері және тың жобаларымен танысып шықты.
Саясат Нұрбек Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен қызметкерлерінің өңір мен еліміздің дамуына қосып жатқан ғылыми жетістіктерін жоғары бағалап, өзінің ризашылығын білдірді.