2025 жылғы 6 мамырда Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне Қазақстан Республикасындағы Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі, ханым Кэти Лич келді.

Сапар барысында ханым Кэти Лич университет басшылығымен кездесіп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың, әсіресе аграрлық және экологиялық зерттеулердің перспективалары талқыланды.

Сапар аясында сондай-ақ «Six Inches of Soil» («Алты дюйм топырақ») атты деректі фильм көрсетілді. Фильм топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, тұрақты ауылшаруашылық әдістерін енгізу және экологиялық таза егіншілік дамытуды қарастырады. Фильмде британ фермерлерінің интенсивті егіншіліктен бас тартып, экологиялық қауіпсіз және қалпына келтіру әдістеріне көшуі, топырақтың сапасын жақсарту және биоәртүрлілікті сақтау бағытындағы шаралары баяндалады.

Фильм көрсетілімі студенттер, оқытушылар және аграрлық сектор өкілдерінің назарын аударды. Көрсетілімнен кейін өткен талқылау барысында қатысушылар топырақтың деградациясы, климаттың өзгеруі және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселелерді атап өтті. Халықаралық тәжірибелерді Қазақстанның, әсіресе аграрлық аймақтарындағы жағдайларға бейімдеу мүмкіндігі ерекше талқыланды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қараша айында Бакуде өткен Дүниежүзілік климат саммитінде былай деген болатын:

«Қазақстан 200 миллион гектар ауылшаруашылық жерлерімен "көміртекті егіншілік" үшін идеалды алаң болып табылады».

Бұл әдістер парник газдарының шығарындыларын азайтуға ғана емес, Қазақстанның ең құнды ресурстарының бірі — топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге де маңызды рөл атқарады. Мұндай әдістер ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту мен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Ұлыбритания Елшілігіне және ханым Кэти Личке оның сапары мен екіжақты диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғысын білдіреді. Бұл шара университеттің халықаралық байланыстарын кеңейтуде және тұрақты аграрлық практикаларды алға жылжытуда маңызды қадам болды.