Қазақстан алғаш рет Қытайдағы ірі халықаралық білім беру алаңдарының бірі - China Study Abroad Forum (CSAF) және China International Education Exhibition Tour (CIEET) көрмелерінде өз білім беру саласын таныстырды.

Аталған іс-шаралар 10 сәуірде Бейжің қаласында басталды. Бұл маңызды оқиға Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде ілгерілету жолындағы елеулі қадам болды. Еліміздің қатысуы білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін дамытуға және халықаралық академиялық серіктестікті кеңейтуге бағытталған.

Форумға Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Австралия, Италия, Испания, Грекия, Сингапур, Малайзия, Вьетнам және басқа да елдердің жетекші университеттері мен білім беру ұйымдарынан 500-ден астам қатысушы жиналды. Қазақстан «Kazakhstan - the Territory of Academic Knowledge» ұлттық павильонымен қатысып, онда еліміздің 27 жетекші жоғары оқу орны өз білім беру бағдарламаларын таныстырды.

Көрмеде шетелдік студенттердің Қазақстанда білім алуына мүмкіндік беретін «Study in Kazakhstan» бірыңғай цифрлық платформасына ерекше мән берілді. Мемлекеттік саясат аясында 2029 жылға дейін Қазақстандағы шетелдік студенттердің санын 100 мыңға дейін арттыру міндеті қойылған.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова өз сөзінде Қазақстанның бұл бастамаға қатысуы тек мүмкіндіктерді таныстыру ғана емес, сонымен қатар халықаралық серіктестермен өзара тиімді білім беру ынтымақтастығын дамытуға дайын екенін көрсететін маңызды қадам екенін атап өтті.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті үшін бұл көрмеге қатысу стратегиялық маңызға ие. Бұл университеттің білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде таныстыруға, жаңа академиялық байланыстар орнатуға, серіктестік аясын кеңейтуге және шетелдік студенттердің қызығушылығын арттыруға жол ашады. Білім берудің жаһандану жағдайында мұндай халықаралық алаңдар өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемдік білім кеңістігіне интеграциялануына ықпал етеді.

CSAF және CIEET көрмелеріне қатысу - университеттің болашағына салынған инвестиция, оның халықаралық беделін нығайтуға және заманауи, ашық әрі сұранысқа ие білім беру орталығы ретінде дамуына жасалған маңызды қадам.