2025 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстандық Күміс университеттер қауымдастығы құрылтайшыларының кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде Қауымдастықтың 2025 жылғы қызметінің қорытындыларын шығару және 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын талқылау мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Ualikhanov University ғылыми жұмыс және өңірмен байланыс жөніндегі проректоры Жакупова Айгүл Досжанқызы баяндама жасады.

Қауымдастықтың алғашқы жұмыс жылы ұйымдастыру кезеңімен өтті. Атап айтқанда: Қоғамдық бірлестіктің Жарғысы әділет органдарында тіркелді; Президент пен ревизиялық орган сайланды; AIUTA Connect халықаралық платформасында арнайы парақша ашылды. Баяндамада Қауымдастықтың 2025 жылы өткізген негізгі іс-шараларына тоқталып өтті. Ең белсенді жоғары оқу орындарының қатарында келесі мекемелер аталды:

- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;

- М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті;

- А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті;

- Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті;

- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.

Қауымдастық мүшелеріне 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы ұсынылды. Өзгерістер мен толықтырулар бойынша ұсыныстар 2026 жылдың 10 қаңтарына дейін қабылданады.

Отырыс соңында құрылтайшылар берілген өтініштер негізінде Қазақстанның тағы үш жоғары оқу орнын Қауымдастық құрамына қосу мәселесін қарастырды.