2025 жылғы 28 қарашада халықаралық Frontiers in Oncology журналында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Өмір және денсаулық ғылымы зерттеу институтының директоры және Ualikhanov University Медицина жоғары мектебінің профессоры Игісін Нұрбек Сағынбекұлының мақаласы жарияланды.«Stage-specific and regional trends in prostate cancer incidence in Kazakhstan, 2005–2024» (Қазақстандағы 2005–2024 жылдар аралығындағы қуықасты безі обырының кезеңдер бойынша және өңірлік деңгейдегі үрдістері) атты мақала – Қазақстанда қуықасты безі обырының таралуына жүргізілген соңғы жиырма жылдағы ең ауқымды эпидемиологиялық талдаулардың бірі.

Біріңғай электронды денсаулық сақтау жүйесінің деректері негізінде 21 756 жағдай зерттеліп, келесі негізгі үрдістер анықталды:

  • жас бойынша стандартталған көрсеткіштің 100 000 ер адамға шаққанда 11,9-дан 20,7-ге дейін өсуі;
  • динамиканың төрт айқын кезеңі: төмендеу (2005–2008), күрт өсу (2008–2016), қайта төмендеу (2016–2020), жаңа өсім (2020–2024);
  • 70 жастан асқан ер адамдар арасындағы сырқаттанушылықтың тұрақты артуы;
  • өңірлер арасындағы айқын алшақтықтар;
  • аурудың ерте кезеңдерде анықталу үлесінің 32,8%-дан 56,9%-ға дейін өсуі, ал III кезеңнің екі есеге жуық төмендеуі;
  • морфологиялық расталуының жоғары деңгейі (~92%).

Зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық жобасы аясында профессор Нұрбек Сағынбекұлы Игісіннің ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылды. Жоба жетекшісі - Зарина Билялова, PhD, доцент.

Зерттеуге С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Астана медицина университетінің, И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының, Ирандағы Shahid Beheshti University of Medical Sciences университетінің Әлеуметтік детерминанттар зерттеу орталығының және Central Asian Institute for Medical Research зерттеушілері мен ғалымдары қатысты.Frontiers in Oncology (Q1) сияқты беделді халықаралық журналда жариялану - қазақстандық ғылыми мектептің жоғары зерттеу мәдениетін және өңірлік онкология саласындағы ғылыми әлеуеттің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Бұл зерттеу онкоэпидемиологиялық мониторингті жетілдіруге, ерте диагностикалауды оңтайландыруға және Қазақстанда қуықасты безі обырының ауыртпалығын азайтуға бағытталған заманауи ғылыми тәсілдерді дамытуға маңызды негіз қалайды.

Ualikhanov University медициналық ғылым саласындағы позициясын жүйелі түрде нығайтып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. Бұл жетістік университет ғалымдарының, отандық жетекші жоғары оқу орындарының зерттеушілерінің және шетелдік ғылыми орталықтар мен университеттердің сарапшыларының бірлескен еңбегінің нәтижесі болып табылады.

Мақалаға сілтеме: https://www.frontiersin.org/.../fonc.2025.1719720/full