Бүгін Ualikhanov University Жоғары медициналық мектебінің студенттері үшін «Cochrane Library және медицина: оқу, зерттеу, тәжірибе» тақырыбында мастер-класс өтті.Іс-шараның спикерлері ретінде Халықаралық ынтымақтастық және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Сағындықова Жайлагүл Оралқызы және Ualikhanov University кітапханасының маманы Айғаным Кенжебайқызы Бәри болды.Мастер-класс барысында студенттер дәлелді медицинаның әлемдегі ең беделді ресурстарының бірі саналатын Cochrane Library халықаралық деректер қорымен танысты. Бұл база жүйелі шолуларды, клиникалық нұсқаулықтарды және заманауи ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қамтиды.Қатысушыларға деректер қорымен тиімді жұмыс істеу жолдары, сенімді ғылыми ақпаратты іздеу, жүйелі шолуларды талдау және алынған білімді клиникалық тәжірибеде қолдану тәсілдері көрсетілді.Cochrane Library ресурстарын пайдалану болашақ дәрігерлердің кәсіби даярлығында маңызды рөл атқарады: сыни ойлау дағдыларын қалыптастырады, ғылыми дереккөздермен жұмыс істеу мәдениетін дамытады және медициналық қызметте әлемдік үздік тәжірибелерді қолдануға мүмкіндік береді.