2025 жылғы 24 желтоқсанда Ualikhanov University алаңында «Ақмола облысы нарығының қажеттіліктері және білім беру мен денсаулық сақтау салаларында ғылыми әзірлемелерді енгізу мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – білім беру және денсаулық сақтау салаларында ғылыми әзірлемелерді енгізудің басым бағыттарын айқындау үшін университет пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қалыптастыру болды.
Дөңгелек үстел жұмысына Ualikhanov University өкілдері, ғылыми жұмыс және өңірмен өзара әрекеттесу жөніндегі проректор, профессор Жақыпова Айгүл Досжанқызы, Ақмола облысының Білім басқармасының әдістемелік бөлімінің басшысы Құрманғалиева Ләззат Сұрағанқызы, Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын және қоғамдық денсаулықты қорғау жөніндегі басшысының міндетін атқарушы орынбасары Сайданғазин Диас Дәулетбекұлы, сондай-ақ Ualikhanov University педагогикалық және медициналық бағыттағы ғалымдары қатысты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар университет пен тиісті салалық мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты жүйелі әрі ұзақ мерзімді негізде дамыту туралы келісімге келді. Ғылыми тәсілге сүйене отырып бірлескен бастамаларды іске асыру өңірдегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға, сондай-ақ сұранысқа ие әрі тәжірибеге бағытталған шешімдерді енгізу үшін мүмкіндік береді.