2025 жылдың 6 қарашасында Ualikhanov University акт залында Жоғары медицина мектебінің студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті. «Медицинаға жол: студенттен дәрігерге дейін» атты шара бірінші курс студенттері үшін жауапкершілігі мол әрі абыройлы жолдың басталуын айғақтады .
Бастапқы сөздерде: Медицина – бұл жай ғана мамандық емес, «бұл – өмір салты, үлкен жауапкершілік және абырой» екені айтылды. Құттықтау сөздерімен ЖММ басшылығы, жетекші оқытушылары және кафедра меңгерушілері сөз сөйледі:
Лисицын Юрий Вячеславович — Жоғары медицина мектебінің директоры.
Аяғанов Серік Ақпенұлы — Хирургиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі.
Жангалов Бануржан Баянович — «Морфология, физиология және жалпы патология» кафедрасының меңгерушісі.
Шараның ең маңызды және ерекше сәті Дәрігер-студенттің салтанатты Антын қабылдау рәсімі болды. Болашақ дәрігерлер адалдық пен мамандыққа берілгендіктің символы – ақ халаттарын киіп, адам денсаулығы мен абыройын қорғауға, адал оқып, білімдерін үнемі жетілдіруге ант берді.
Бұл сәт бірінші курс студенттерінің кәсіби қызметінің бастау нүктесі ретінде олардың есінде мәңгі сақталады.Шара тек ресми жиынмен ғана емес, достық пен талант атмосферасымен де толықты. Жоғары медицина мектебінің 1, 2 және 5 курс белсенді студенттері ЖММ студенттік өмірінің көпқырлылығын көрсететін жарқын шығармашылық нөмірлер ұсынды.
Жаңадан қабылданған студент-медиктер қызықты медициналық викторинада өздерінің білімі мен тапқырлығын да көрсетті. Жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушыларға ЖММ директоры Лисицын Юрий Вячеславович дипломдар мен сертификаттар табыс етті.Медицина – бұл тек білімді ғана емес, сонымен қатар үлкен жүректі талап ететін өнер. Бірінші курс студенттерімізге жақсы маман ғана емес, ең қымбат – адам өмірін қорғауға ұмтылатын, абыройлы миссиясы бар, бас әріппен жазылатын нағыз ДӘРІГЕР болуларына тілектеспіз.