Екатерина Юрьевна Протасова - педагогика ғылымдарының докторы, доцент және Хельсинки университетінің гуманитарлық факультетінің тілдер бөлімі профессоры-адъюнктісі. Ол билингвизм және көптілді білім беру саласындағы жетекші мамандардың бірі. Оның негізгі ғылыми зерттеулері- социолингвистика, көптілділік және балалар билингвизмі. 100-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы, халықаралық зерттеулерде белсенді қатысады және Ualikhanov University жалпы тіл білімі және әдебиет кафедрасының шақырылған профессоры.
Интервью барысында Екатерина Юрьевна өз тәжірибесімен және лингвистика саласындағы өзекті мәселелерге көзқарасымен бөлісті.
Тіл адамның өмірінде қандай рөл атқарады? Егер тіл жеке тұлғаның бірегейлігі мен мәдени кодтың бір бөлігі болса, адам басқа тілде ойлағанда не өзгереді?
Мен кез келген тілге фанатизмсіз қараймын. Біздің ең басты өкініш - барлық әлем тілдерін біле алмауымыз. Тіл - адамға өмір бойы серік болатын маңызды байлық. Барлық тілдердің маңызы зор. Отбасынан алынған ана тілі – ең жақын, ең жылы және көбінесе бізден ажырамас тіл. Біз оны кенеттен ұмытып қала алмаймыз.
Зерттеулер көрсеткендей, егер бала кезінде кем дегенде бір тіл берілмесе және сол тілде әлемге, яғни бүкіл дүниеге көзқарасқа қатысты білім берілмесе, кейін адам басқа тілдерді меңгере алмайды. Баланың балалық шақта дүниені терең түсінуі өте маңызды – тек заттардың атауларын білу жеткіліксіз. Мысалы, «үстел» деп айту жеткіліксіз; егер оның «қыры», «аяғы», «беті» сияқты бөлшектерін, үстелдің қандай материалдан жасалғанын, оны қалай күтіп ұстау керектігін, сондай-ақ қандай түрлері бар екенін түсіндірмесеңіз, балада дүниеге толық көзқарас қалыптаспайды.
Сонымен қатар, біз балаға өз эмоцияларымызды көрсетеміз, айналамыздағы дүниеге қалай қарайтынымызды жеткіземіз. Біз балаға нені дұрыс, нені бұрыс, қалай жасауға болады, қалай болмайтынын көрсетеміз. Бұның барлығы ана тілмен келеді. Бұл деген баланың бастапқы әлеуметтік бейімделуі. Кейін адам басқа тілдерді үйрене бастайды, мінез-құлқы өзгеруі мүмкін, әр өзгеріс сайын оның ішкі әлемінде жаңа «тұлғалар» пайда болады. Бірақ ең тереңінде, бала кезден қалыптасқан алғашқы тұлғасы сақталады. «Басқа тұлғалары» әр тілде ойлап, сол тілдің бояуын сезіне отырып әрекет етеді – ішкі әлеміміздің көпқабатты, бай құрылымы осылай жасалады.
Көптілділік адамның дамуына және ми жұмысына қалай әсер етеді? Мультилингвизм когнитивтік қартаюды баяулата ала ма?
Көптеген адамдар қартайған шағында түрлі тілдерді үйренуге тырысады, бірақ сонымен қатар бидің маңыздылығын атап өту қажет. Өйткені музыкамен қимылдау және басқа адамның қозғалысын қайталау мидың дамуына өте пайдалы. Түрлі ойындар ойнау да тиімді. Ойын барысында адам жаңа ережелерді меңгереді. Әр жаңа ойынға кірген сайын ми жаңа байланыстар - нейрондық желілер құрады. Тіл үйрену де дәл осылай жүреді. Бізде тіліміз арқылы сөйлеудің өз тәсілі бар, ал жаңа тіл бізге жаңа тәсіл береді. Біз оны бұрынғы тілмен үйлестіре аламыз немесе мүлдем жаңа жүйе құрамыз.Егер бала кішкентай кезінде тіл үйренсе, барлық тілдер мидың «бір жерінде» шоғырланады. Ал ересек адамдарда олар әртүрлі «бөлмелерде», яғни мидың әр аймағында орналасады. Кейде олар қиылысып, бір тілде екінші тілдің элементтері пайда болуы мүмкін. Осылайша біз мидың құрылымын дамытып, әлемді әртүрлі қырынан көруге мүмкіндік аламыз.
Адам бір мезетте бірнеше тілде ойлай ала ма?
Адам ойларын көбінесе сөздер арқылы емес, бейнелер арқылы құрастырады. Дегенмен, кейде сол ойларға сөздер қосылады, сол сәтте біз оны қай тілде жеткізу керегін таңдаймыз.
Бір тілді терең меңгерген маңызды ма, әлде бірнеше тілді аздап меңгерген дұрыс па?
Бір тілді терең меңгеру дегеніміз не? Соңғы кездесуімізде сіздердің университеттегі магистранттар мен докторанттармен Қазақстанда қазақ тілі бойынша көптеген зерттеулер мен энциклопедиялар дайындалғанын талқыладық. Алайда өкінішке қарай, әлемде қазақ тілі туралы әлі көп білмейді. Бұл теңгерімсіздікке әкеледі, себебі зерттеулер тек бір тілде жазылған. Қазақ тілін білмейтін, бірақ салыстырмалы зерттеулер жүргізгісі келетін адамдар мен ғалымдар қазақ тіліне қатысты зерттеулерге қол жеткізе алмайды.Егер қазақ тілін әлемдік зерттелетін тілдердің қатарына қосқыңыз келсе, қазақ тіліне қатысты барлық материалды ағылшын тіліне аудару қажет. Сонымен қатар, жазулар заманауи лингвистикалық терминологияда болуы тиіс. Қазақ тілін әлемдік тілдер қатарына қосу үшін ағылшын тілін қолдану міндетті, өйткені қазіргі кезде адамдарға сіздің білімдеріңізге қол жеткізу тек ағылшын тілі арқылы қолжетімді.
Мысалы, менің әріптесім адамдардың литва тілін қандай себеппен үйренетінін зерттеген. Көбінесе бұл тіл олар үшін жетінші, сегізінші тіл болып шығады, себебі ол ерекше, басқа тілдерге ұқсамайды. Көптеген тілдерді меңгерген адамға сирек кездесетін тілдерді үйрену қызық болады. Сондықтан олар ерекше тілдерді таңдайды. Литва тілі жақсы сипатталған, ағылшын тілінде қолжетімді. Литва тілінде сөйлейтін адамдардың саны қазақ тілінде сөйлейтін адамдардан аз, бірақ оған қолжетімділігі әлдеқайда жеңіл.Сондықтан өз тіліңізге қол жеткізуді жеңілдету маңызды. Осы себептен де басқа тілдерді үйрену қажет – білімді бөлісу және оны әлемге қолжетімді ету үшін.
Балаларды ерте жастан тіл үйрету олардың когнитивтік және эмоционалдық дамуына қалай әсер етеді? Бұл кейін олардың тілдік жүйесінде шатасуға әкелмей ме? Балалардың сөйлеу қабілетін қолдаудың қандай әдістері бар?
Егер балалр көп тілдер қолданылатын ортада өссе, олар бірнеше тілді үйрене алады. Балалар әртүрлі жаста және әртүрлі жағдайларда әртүрлі тілдерде сөйлейді, және әр тілде сөйлеуге дайын болады. Кейін олар кәсіби таңдау жасау немесе қай жерде өмір сүру керегін шешу сияқты маңызды қадамдар жасаған кезде, оларға берілген тілдердің әрқайсысын, кем дегенде үш-төрт тілін, пайдалана алады. Бұл ортаны қалыптастыратын – ата-аналар мен ересектер, ал бала тек сол берілгенді меңгереді.
Кейбір балаларда сөйлеу дамуының ерекшеліктері болады, сондықтан олар бір тілді меңгеруде де қиындыққа тап болуы мүмкін, екі тілде сөйлесе, бұл қиындық одан сайын артады. Мұндай жағдайда балалар «айла-тәсілдер» қолданады - қарапайым сөйлемдерді пайдаланады немесе негізгі сөздерге сүйенеді. Бұл олардың ақыл-ойында кемшілік бар дегенді білдірмейді, тек тілге және сөйлеуге қатысты ерекше көзқарасы барын көрсетеді. Екі тілдік материалмен жұмыс істеу олар үшін қиынырақ.
Егер сіз балаңызбен сөйлеспесеңіз, оның жауаптарына назар аудармасаңыз, коммуникацияға тартпасаңыз, онда сіз оны тіл дамуы жағынан мүмкіндіктерден айырасыз. Балалармен сөйлесу маңызды.Сонымен қатар, баланың бір тілді терең меңгеруі өте маңызды - кем дегенде бір тілде оның сөйлеу және ойлау қабілеті құрдастарымен тең дәрежеде дамуы керек. Егер балаға кішкентайынан ағылшын тілін сәл үйретсеңіз – бұл жақсы. Кейін оны біртіндеп көбейтіп, ойындар, еркін сөйлесулер, кішігірім тапсырмалар арқылы дамытсаңыз – одан да пайдалы. Әңгімелесу, ойын ойнау, логикалық тапсырмаларды орындау сияқты әрекеттер баланың тілдік дамуына үлкен үлес қосады.
Әрине, біз баламызға бергеннің бәрі міндетті түрде оған пайда әкеледі деп айта алмаймыз. Өйткені өмірінде әсер ететін факторлар көп. Бірақ біз өз тарапымыздан ең жақсысын жасауға тырысамыз.
Сіздің ойыңызша, лингвистика мен тіл үйрену саласында жасанды интеллектті пайдалану адамдардың көптілділікке деген көзқарасына қалай әсер етуі мүмкін? Жасанды интеллект тіл үйренуді толықтай алмастыра ала ма?
Иә, бүгінде көптеген аудармашылар халықаралық ұйымдарда жұмыссыз қалып жатыр, себебі жасанды интеллект аударма жасауды шын мәнінде өте жақсы меңгерді. Ең бастысы - ол үнемі үйреніп, жетіле береді. Алайда мұнда бір қауіп бар. Жасанды интеллект өзіне дейін өзі жасаған аудармаларды қайта пайдаланып, сол бір деректерді қайта-қайта қолдануы мүмкін. Егер адамдардан жаңа ақпарат келмей, тек жасанды интеллекттің өзі өндіретін мәліметтермен шектелсек, бұл кері әсерін тигізеді. Елестетіп көріңіз, егер жүйеде бір қате болса, ол кейін мыңдаған қолданушыларға тарап, жалған мәлімет ақиқат ретінде қабылдануы мүмкін.
Адам баласы үнемі ізденісте болып, ойлау қабілетінің арқасында жаңа дүниелер мен жаңалықтар әкеліп отыруы қажет екенін ұмытпауымыз керек. Барлығын жасанды интеллектке жүктеуге болмайды, өйткені ол біздің өз ойлау қабілетімізді басып тастайды. Ақпараттың сапана келсек, жасанды интеллекттің жұмысына міндетті түрде бақылау болуы шарт. Ал оны бақылау үшін тілді жақсы білетін адамдар қажет.
Адамның өзі тілдерді үйренуі қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
Тілді, әрине, адамның өз бетімен үйренгені дұрыс. Себебі үйрену барысында адам тек білім ғана емес, өз талғамын, өз ойлау мәдениетін қалыптастырады. Ал жасанды интеллект көбіне адамның ішкі талаптары мен сезімін дәл түсіне бермейді.
Жасанды интеллект әлі де жас, біз онымен әлі тәжірибе жасап, сынақтан өткізіп жатқан кезеңдеміз. Иә, ол көп нәрсені үйренді, көп қабілетке ие болды. Біз оған түрлі тапсырмалар береміз де, оның қалай әрекет ететінін бақылаймыз. Яғни, бұл да зерттеуді қажет ететін құрал.
Мысалы, жасанды интеллект-дирижёрлар мен жасанды интеллект-музыканттар бар. Олар музыкалық шығармаларды техникалық тұрғыдан мінсіз орындайды - қателеспейді, ырғақты дәл ұстайды, дирижёрдың қимылын нақты аңғарады. Бірақ осындай орындауда адам жүрегінің үні естіле ме? Бұл қаншалықты жақсы орындау? Музыканттар арасында «ойнау барысында қате жіберу – өнердің бір бөлігі, тіпті қажет нәрсе» деген пікір бар, өйткені дәл сол сәттер музыкаға жан бітіріп, адамилық сипат береді. Кейде әдейі емес, бірақ нотадан сәл ауытқу немесе ырғағын баяулатып жіберу музыканы тіріліп, шынайы әсер қалдырады. Ал егер бәрі мінсіз орындалса, бірақ сезім болмаса - ондай музыка бізге не береді? Бізге осындай мінсіз, бірақ жансыз орындау ма әлде шынайы эмоция ма – қайсысы қымбат?
Біздің студенттерімізге қандай тілек едіңіз?
Сіздің студенттеріңіз білімге шын ниетпен ұмтылып жүргені байқалады. Меніңше, олардың осы мақсатына жетуіне шын жүректен тілектеспін. Олар айналасындағы әлемді мүмкіндігінше терең танып-білгісі келеді. Бүгінде әр адамның интернет арқылы адамзат жинақтаған барлық рухани және ғылыми қазынаға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өздерінің қызығушылығы мен ізденісін тоқтатпай, үнемі алға қарай ұмтылып отырсын деп тілеймін.
Материалды Ualikhanov University баспасөз қызметі дайындады
06.10.2025 ж.