Ирина Секерина - Нью-Йорк қалалық университетінің (CUNY) Стейтен-Айленд колледжінің психология профессоры, психолингвистика және эксперименттік лингвистика саласының жетекші маманы. Оның ғылыми бағыты психолингвистика мен когнитивті психологияны, билингвизмді және тілдік процестерді зерттеуді қамтиды.

Ирина Алексеевна, әңгімені негізден бастасақ. Психолингвистика дегеніміз не? Оны қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады?

Психолингвистика - адамның сөйлеуді қалай түсінетіні мен қалай тудыратынын зерттейтін ғылым. Нейролингвистикадан айырмашылығы - ол биологиялық немесе нейрондық механизмдерге емес, психологияның классикалық әдістеріне сүйенеді: біз адамдарға сұрақтар қоямыз, олардың сөйлеуін талдаймыз, қалай қабылдап, қалай сөйлейтінін бақылаймыз.

Лингвистер үшін психолингвистика - тілдік құрылымдардың сөйлеуді түсіну және құрастыру процестерімен байланысын анықтаудың жолы. Ал психологтар бұл саланы көбіне «тіл психологиясы» деп атайды. Негізгі бағыттары ұқсас, айырмашылық тек ғылыми акцент пен терминологияда.

Зерттеулеріңізге қарағанда, біздің миымыз - нағыз «болжаушы». Адам сөйлем аяқталмай тұрып-ақ оның мағынасын шамалай бастай ма?

Иә, дәл солай. Бұл - қазіргі психолингвистиканың негізгі бағыттарының бірі. Біз алғашқы дыбыстардан-ақ болжам жасай бастаймыз. Мысалы, «Мұны бүкіл өміріңнің ісіне…» десем, сіз соңғы сөзді шамамен болжай аласыз. Бұл автоматты түрде жүреді.

Бізге кейбір сөйлеу сәттері неге қиын, неге кейде болжамымыз бұзылатынын түсіну маңызды. Кейде мұндай бұзылыс әдейі жасалады - мысалы, қалжың немесе каламбур үшін. Бірақ жалпы алғанда, сөйлеуді түсіну мен тудыру үшін болжам жасау - негізгі механизм. Балалар да тілді дәл осы қабілет арқылы меңгереді: олар тыңдайды, салыстырады, болжайды.

Көп жағдайда адамдар әңгімелесушінің ойын соңына дейін тыңдамай, сөзін бөліп жатады. Бұл әдепсіздік белгісі ме, әлде миымыздың тез реакциясымен байланысты ма?

Белгілі бір деңгейде – иә, бұл мидың жылдам реакциясына байланысты. Дегенмен әлеуметтік нормаларды да ұмытпау қажет: диалог барысында әңгімелесуші ойын толық аяқтағанша күту - қалыпты әдеп. Соған қарамастан, тірі қарым-қатынаста бізде көбіне ішкі импульс пайда болады, яғни әңгімеге мүмкіндігінше тез араласуға деген ұмтылыс байқалады. Соның нәтижесінде репликалар бір-бірінің үстіне түсіп, қабаттасып жатады.

Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, адамдар диалог барысында тілдік құралдарды қолдану тәсілдері жағынан бір-біріне ұқсай бастайды. Яғни біз бейсаналы түрде бір-бірімізге бейімделіп, ұқсас синтаксистік құрылымдар мен сөздерді қолданамыз. Бұл құбылыс ағылшын тіліндегі «alignment» («үйлесу», «бір-біріне бейімделу») терминімен аталады.

Бұл үдеріс әңгімелесушілер бір-бірінің сөзін бөліп жатқан жағдайда да жалғаса береді: олардың әңгімесі бәрібір бір ортақ коммуникативтік стильге жақындау бағытымен өрбиді.

Демек, бұл процесті белгілі бір деңгейде өзіміз де реттей аламыз - әңгімелесушіні соңына дейін тыңдау әдетін қалыптастыруға болады. Әдетте, әңгіме қарапайым, мазмұны алдын ала белгілі болған жағдайда адамдар бір-бірінің сөзін жиі бөледі. Ал маңызды баяндама не күрделі ой айтылып жатқанда, керісінше, сөзді бөлгіміз келмейді, өйткені айтылғанды түсінуге және болжауға тырысамыз. Көп жағдайда «шыдамсыздық» деп аталатын, яғни әңгімеге тезірек араласуға ұмтылу - күнделікті коммуникативтік тәжірибенің нәтижесі.

Зерттеулеріңізде сіз «eye-tracking», яғни көз қозғалысын бақылау әдісін қолданасыз. Адамның көзі оның ойы мен ішкі үдерістерін қалай көрсете алады?

Көздің қозғалысы мен қарашықтың көлемі адам туралы көптеген ақпарат береді. Мысалы, олар арқылы сөйлеуді түсіну үдерісін байқауға немесе адамның шындықты айтып тұрған-айтпағанын шамамен анықтауға болады. Қарашық тек сыртқы факторларға - мысалы, жарық деңгейіне ғана емес, адамның эмоциялық күйіне де байланысты өзгереді. Адам толқып, қысым сезінгенде немесе шындықты жасыруға тырысқанда, қарашық кеңеюі мүмкін. Дегенмен оның кеңеюіне басқа да себептер әсер етуі ықтимал.

Біз үшін көз қозғалысын тіркеу әдісі әсіресе маңызды, өйткені ол іргелі ғылыми сұрақтарға жауап іздеуге мүмкіндік береді. Мысалы, билингв немесе көптілді ортада адам бір сөзді естіген сәтте бірден бірнеше тіл қатар белсендіріле ме - соны байқай аламыз.Айталық, балаға «маркер» сөзін көрсетіп, экранға «маркер», «фломастер», «марка» суреттерін орналастырамыз. Егер баланың санасында орыс және ағылшын тілдеріндегі баламалар бір мезгілде іске қосылса, ол екі нұсқаға да назар аударады.

Ал егер оның санасында қазақ, орыс және ағылшын тілдері айқын ажыратылған болса, яғни ішкі «бәсеке» байқалмаса, онда бала тек «маркер» бейнеленген суретке қарайды.

Сондықтан көз қозғалысын тіркеу - тілдердің өзара қалай әрекеттесетінін, бір-біріне қаншалықты көмектесетінін немесе керісінше, кедергі келтіретінін зерттеуде өте тиімді әдіс. Әсіресе билингв және көптілді балалармен жұмыс істеуде көз қозғалысын бақылауға арналған құрылғылар - ең сәтті ғылыми құралдардың бірі.

Зерттеулеріңізде сіз «тұзақ сөйлемдер» деп аталатын сөйлемдерді қолданасыз. Бұл сөйлемдер бастапқыда бір мағынаға жетелесе, соңында оның мәні өзгеріп кетеді. Мұндай сөйлемдерге мысал келтіре аласыз ба? Мидың әрекеті осындай сөйлемдерді қабылдағанда қалай болады?

Сіз қазір менің сөйлемімнің соңын күтудесіз деп елестете аламыз. Бірақ шын мәнінде, сөйлеуді қабылдаған кезде біз үнемі болжау жасап, гипотезалар құрамыз және кейде қателесеміз. Дәл осы арқылы «тұзақ сөйлемдер» әсері пайда болады.

Мысалы, егер орыс тілінде: «Автобус обогнал троллейбус» десек, сөйлем екі түрлі түсінілуі мүмкін. Біріншіден, автобус тезірек жүрді деп ойлауға болады, екіншіден, троллейбус жылдам болған шығар деп түсіну де мүмкін. Көбінесе тыңдаушы бірінші сөзді әрекет етуші деп қабылдап, «жылдамдық автобусқа тән» деп қате қорытынды шығарады.

Бірақ соңғы сөзді өзгертіп, «Автобус обогнала машина» десе, тыңдаушы өзінің синтаксистік құрылымды қате құрғанын түсінеді: шын мәнінде тезірек машина қозғалған. Ал сөйлемнің басында мұны білу мүмкін емес.

Миға шынымен де ауырлық түседі: ол бұрын құрастырған түсіндірмесін қайта қарап, түзетуге мәжбүр болады. Себебі адам әдетте қиындықты ұнатпайды, сондықтан ми ең қарапайым, таныс жолды таңдайды - өз ана тілінің құрылымына сәйкес.

Мұнда тілдік ерекшеліктер де көрінеді. Мысалы, орыс тілінде сөйлем құрылымы көбінесе: субъект - етістік - объект тәртібінде болады. Ал қазақ тілінде етістік көбіне сөйлемнің соңында орналасады. Бұл етістікті естімейінше кім және кіммен әрекеттесіп жатқанын нақты білмейміз дегенді білдіреді. Қазақ тілін қолданушылар да сөйлем соңын күтеді деп ойлауға болады, бірақ олар да үдеріс барысында болжам жасап, кейде қателеседі. Сөйлем соңында етістік шыққанда интерпретацияны түзетуге тура келеді. Сондықтан сөйлем құрылысы етістікпен аяқталатын тілдерде түсіну және болжау үдерістері сәл өзгеше болып, кейде көбірек уақыт алады. Сол себепті әр тілдің ерекшеліктерін зерттеу, оны үйрету және сөйлеуді қабылдауын талдау кезінде ескеру өте маңызды.

Бүгінгі күні көптеген ата-аналар балалардың сөйлеуге кеш бастайтынын байқайды. Психолингвистика тұрғысынан бұған не себеп болуы мүмкін?

Бұл сұраққа бірнеше қырынан қарауға болады. Ең маңызды себептердің бірі - COVID-19 пандемиясы кезінде дүниеге келген балалар тобы. Бұл кезеңде тілдің қалыптасуы ерекше жағдайда жүрді. Біз білетініміздей, 2022 - 2023 жылдары туған балаларда когнитивтік бұзылыстардың байқалу жиілігі пандемияға дейін туған балаларға қарағанда сәл жоғары. Әзірге бұл үрдістің қалай дамитыны толық түсінікті емес.

Балалардың сөйлеуге кеш бастауының бір себебі - әлеуметтік қарым-қатынастың айтарлықтай шектелуі. Пандемия кезінде балалар көбіне үйде болып, адамдармен және құрдастарымен тікелей қарым-қатынас жасау мүмкіндігі азайды.

Гаджеттердің рөлі бар ма? Әрине, бұл да өз әсерін тигізді. Белгілі бір экспериментте бір балаға арнайы дайындалған күтуші - қытай тілін білетін адам келіп, суреттер көрсетіп, сөздерді қайталауды үйреткен.

Ал екінші балаға видеоэкран немесе планшет беріліп, онда қытай тілінде сөйлейтін кейіпкер суреттерді көрсетіп, сөздерді айтып отырды. Нәтижесінде бірінші топтағы баланың тіл меңгеруі екінші балаға қарағанда әлдеқайда жылдам болды. Мұнда маңыздысы тек тілдік кіріс емес, сонымен қатар әлеуметтік өзара әрекеттестік. Тіл - бұл коммуникация құралы. Гаджет арқылы қарым-қатынас жасалғанда нақты әлеуметтік байланыс болмайды.

Тағы бір себеп - көптілділік. Қазақстан сияқты елдерде балалар бірден бірнеше тіл меңгеруге тырысады. Бұл кейде тілдік дамудың уақытша кешігуіне алып келуі мүмкін. Дегенмен, мұндай кешігу әдетте уақытша: балалар кейін тез арада қардастарын қуып, озып кетеді.

Әр жағдайда факторларды жеке қарастыру қажет. Бұл жалпы ереже емес, әр балаға жеке көзқарас қажет.

Сізде «Қояндар қораптарында» (Every bunny is in a box) атты белгілі экспериментіңіз бар. Балаларға әртүрлі сандағы қояндар мен қораптар берілген тапсырма ұсынылғанда, бір қорап бос қалған жағдайда, олар жиі «барлық қояндар қорапта емес» деп жауап береді екен. Балалар осындай қателіктер жібергенде, бұл олардың логиканы түсінбеуінен бе, әлде бұл «балалық» логиканың және назарларының ерекшелігінде ме?

Бұл - тіл мен танымның өзара әрекеттестігіне қатысты мәселе. Бала табиғи түрде әлемді танып-білу процесінде тіл арқылы сөйлейді. Көптеген когнитивтік стратегиялар туғаннан бар сипатқа ие. Мысалы, екі-үш айлық нәрестеге экранның артына допты домалатып, кейін доптың экранның екінші жағынан шығуы көрсетілсе, бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Ал егер доп экранның артында қалып, қайта шықпаса, нәресте таңғалады. Бұл - заттың тұрақтылығын түсіну деген туғаннан бар стратегияның көрінісі: бір зат қозғалысқа түскенде, ол міндетті түрде қайта шығуы керек.

Ұқсас стратегия сәл үлкен балаларда да байқалады. Қораптар мен қояндарды біріктіру кезінде баланың сан мен симметрияға көңіл бөлуі маңызды: әр қорапқа бір қоян сәйкес келуі керек деп ойлайды. Бір қоян бос қалса, бұл олардың логикасына сәйкес келмейді, өйткені ол үшін бөлек қорап қажет деп санайды. Бұл - даму стратегиясы.

Уақыт өте келе бұл стратегия өзгеріп отырады: шамамен 9 жасқа келгенде балалар кейбір қояндардың қорапсыз қалуы мүмкін екенін түсіне бастайды. Бұл – жасқа байланысты когнитивтік стратегия, дәл заттың тұрақтылығын түсіну сияқты: біреуі ертерек, екіншісі кейінірек дамитын когнитивтік ерекшелік.

Бірақ адам миында өсу барысында қандай өзгерістер болады? Неге ересек ми бұл «балалық ерекшелікті» жоғалтады?

Бұны тікелей мидағы өзгеріс деп айту қиын. Дегенмен, биологиялық жетілу жүреді. Сол арқылы барлық когнитивтік стратегиялар мен олардың қолдану жолдары дамиды. Алайда оларды дұрыс қолдану үшін балаға осындай тілдік конструкциялар мен практикалық жағдайлар таныс болуы керек. Мұндай тапсырмалар бала ойының академиялық дамуы тұрғысынан қалай өрбитінін болжауға мүмкіндік береді. Мұнда логика қалыптасады: бір топ қорап бар, бір топ қоян бар, және олар бір-біріне міндетті түрде сәйкес келмейді, қатаң үйлесуі қажет емес.

Жас өскен сайын көптеген өзгерістер болады, оларды тек жеке факторлармен түсіндіру қиын - бұл өмірдің табиғи процесі және тәжірибе жинау нәтижесі. Бала біртіндеп стандартты емес, ерекше жағдайлар бар екенін қабылдайды және оларды қалыпты нәрсе ретінде үйрене бастайды.

Билнгвтер туралы сөйлессек - бұл Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Шынымен де, билнгвтің миында әр тіл үшін екі түрлі механизм бар ма, әлде бәрі бір жалпы жүйеде ме?

Бізде тілдерді басымызда қалай бөлеміз деген сұраққа қатысты бірнеше әдістер бар. Басқа мәселе – егер біз үш немесе төрт тілде сөйлесек, осы идеяны сол тілдерге де қолдануға бола ма деген сұрақ туындайды.

Бөлке сөздерге келсек, бұнда барлығы бізге түсінікті. Егер барлық тілдерді жеткілікті деңгейде білсек, барлық сөздер сөйлеуді қабылдау процесінде бір уақытта белсенді болады. Мұнда концептуалдық байланыс бар деп есептейміз. Мысалы, басымызда «қоян» ұғымы бар, оған төрт тілде - орысша, қазақша, ағылшынша, ингушша баламалары тіркесіп тұрады. Сөздер тұрғысынан бұл салыстырмалы түрде қарапайым, қалай жұмыс істейтіні түсінікті.

Ал сөйлемде жағдай сәл күрделі. Егер қазақ тілінде сөздердің еркін тәртібі жоқ болса, орыс тіліндегі сөйлемді қазақ тіліндегі тәртіппен айту арқылы қазақ тілін белсендіре аламын ба? Қазақ тілінде етістік көбіне соңында келеді.

«Прайминг» деген ұғым бар - бір тіл екінші тілдің белсенділігін арттырады, яғни бір тіл екіншісін «тартатын» әсер жасайды. Мысалы, егер екі тілде де грамматикалық құралдар ұқсас болса, мысалы септік жүйесі (қазақ тілінде де, орыс тілінде де бар), онда орыс тіліндегі септік жүйесі қазақ тіліндегі септік жүйесін меңгеруге көмектеседі деп болжанады.

Қазақ тілінде грамматикалық жыныс жоқ, ал орыс тілінде бар. Мысалы, «машина» сөзі орыс тілінде әйел жынысына жатады, ал қазақ тілінде бұл сөз «белгісіз» жыныста болады. Мұндай жағдайда миымызда қандай механизмдер жұмыс істейді? Екі тілдегі сөйлемдердің синтаксистік құрылымдарының өзара әрекетін байқауға бола ма? Бұл әлі ашық сұрақ. Біз әртүрлі тілдерді зерттеуді жалғастырып, жауап іздеп келеміз.

Біздің классикалық тілдеріміз – индоевропалық тілдер, ал қазақ тілі – агглютинативті, құрылымы мүлде басқа. Қазақ тіліндегі етістік күрделі екені белгілі, өйткені онда көптеген жұрнақтар мен жалғаулар бар. Мысалы, орыс тілінде «он читал», «он прочитал» деген формалар бар, ал қазақ тіліндегі агглютинативті жалғаулар жүйесімен бұл қалай салыстырылады?

Осы мәселемен біз айналысамыз. Жалпы, тілдер қалай өзара әрекеттеседі деген сұраққа жауап беру үшін тілдің қай жүйесін немесе қай бөлігін қарастыратынымыз маңызды.

Әр жаңа тілді меңгерген сайын адам жаңа өмір сүргендей болады деген пікір бар. Адам әртүрлі тілде сөйлегенде өзін де әрқалай сезіне ала ма?

Мен тек екі тілде ғана емес, екі түрлі мәдени ортада өмір сүріп келемін. Жалпы мәдениеттері де, академиялық мәдениеттері де бір-бірінен едәуір ерекшеленеді. Егер мен өмір сүріп жатқан елдің мәдени нормаларына бейімделе алмасам, бұл жайсыздық тудыруы мүмкін. Бір елде қалыптасқан үйреншікті тәсілдер екінші елде әрдайым тиімді бола бермейтінін түсінемін, сондықтан табысты бейімделу жергілікті мәдениетке құрметпен қарауды талап етеді. Егер мен тек өз елімде қалыптасқан қағидаларға сүйеніп әрекет етсем, басқа ортада өмір сүру қиынға соғар еді. Сондықтан көптілді адамдар үшін бұл қалыпты жағдай. Біз тек көп тіл білетін адамдар ғана емеспіз, сонымен бірге көпмәдениетті адамдармыз. Бұл біз үшін маңызды, өйткені тіл мен мәдениетті бір-бірінен ажырату мүмкін емес.

Қазіргі кезде үлкен жасты адамдар «зумерлердің тілі» және оның ықшамдалып бара жатқанына алаңдайды. Жастар 18 - 19 ғасыр классикасын қиын түсінетін деңгейге жетті. Сіздің ойыңызша, біздің тіліміз шынымен кедейленіп бара жатыр ма, әлде ол қазіргі өмірдің жоғары қарқынына бейімделіп жатыр ма?

Тіл - тірі ағза. Ол қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес өзгеріп отырады. Сондықтан зумерлердің сөздерді қысқартуы, сөйлеу мәдениетіне бір нәрсені қосуы немесе өзгертулері - мүлде табиғи процесс, оны қабылдау қажет. 18 ғасырдағы тілдің қалай болуы керектігі туралы ұғымдармен өмір сүре алмаймыз. Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз.

Жастарға өздерін дамытуда еркіндік беру маңызды. Уақыт өте келе олар артық нәрселерді тастап, тілдік мінез-құлықтарын жетілдіреді.

Сіз 2025 жылдың ең танымал сөзін білесіз бе? Барлық сөздіктерде ол ең танымал сөз ретінде аталған. Ол сөз - «лабубу». Ал бес жылдан кейін біреу «лабубу» сөзін еске алады деп ойлайсыз ба? Шамасы жоқ.

Тіл өзін қорғайды, тіл өзін бағыттайды, тіл өзін тежейді және жаңа коммуникациялық ережелерге сәйкес дамиды. Сондықтан жастарды сынға алу немесе олардан тек классикалық тілде сөйлеуді талап ету қажет емес. Тіл мықты құрал, ол өзін қорғай алады және жастармен бірге дамиды. Классика кітаптарда қалады, ғылыми еңбектерде және жазушылардың шығармаларында сақталады – ол ешқайда жоғалып кетпейді. Тіл XXI ғасыр талаптарына сай дамып келеді.

Қазіргі кезде жасанды интеллект (ЖИ) мәтін жаза алады және адам орнына сөйлесе де алады. Бұл психолингвистикаға қалай әсер етеді? Егер біз бұл жұмыстың бір бөлігін нейрожелілерге беретін болсақ, адам күрделі сөйлем құру және терең ойлау дағдыларынан айырылып қалмай ма?

Әрине, біз ЖИ-ға толық сеніп, оның біздің атымыздан «ойлайтынына» немесе «түсінетініне» сенбеуіміз керек. Оның функциялары көбінесе қосымша сипатта: мәтін аудару, тілін білмейтін тілде сөйлемдер немесе идеялар генерациялау сияқты. Мысалы, егер маған қазақ тілінде сөйлем құрастыру керек болса, бірақ мен қазақша білмесем, мен бұл тапсырманы ChatGPT-ге бере аламын. ЖИ платформалары сонымен қатар визуалды контентті, суреттерді жылдам жасауға мүмкіндік береді, уақыт пен ресурсты үнемдейді. Суретшіге барып, жұмыстың дайын болуын күтуге қажеттілік жоқ, енді ЖИ бірнеше минут ішінде сурет те жасап бере алады.

Маңыздысы, ЖИ өзі ештеңе «жаратпайды» - ол бар ақпаратты, негізінен интернеттен алынған деректерді қолданады. Кез келген жаңалық сияқты, ЖИ-ның да өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Психолингвистика үшін артықшылығы - талдауымызды жылдамдату және тиімдірек жасау мүмкіндігі. Ал кемшілігі - егер маған ұсынылған деректер генерацияланған, яғни зерттеушінің өзі жинақтамаған болса. Бірақ бұл технологиялық емес, этикалық мәселе. Жалпы, ЖИ-дан қорқудың қажеті жоқ. Маңыздысы – оның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану және болашаққа көз жүгірту.

Ирина Алексеевна, әңгімеміздің соңында сұрарым, жоғары деңгейде тіл білгісі келетін балалардың ата-аналарына қандай негізгі кеңес берер едіңіз? Баланы тілге қызықтырып, оның байлығын сақтау үшін, әсіресе гаджеттер мен технологиялар әлемінде не істеу қажет?

Біз балаларымызға заманауи технологиялық құралдарды қолдана отырып, олардың қызығушылығын қолдауға тырысуымыз керек. Мысалы, классикалық ертегінің бірін алып, оны тек ойын емес, білім беру мақсатындағы видеойынға айналдыруға болады. Ескі әдістерге ғана сүйену жеткіліксіз - жаңа тәсілдер мен технологияларды пайдалану маңызды.

Ең бастысы - мәдениетпен және дәстүрмен байланыс сақталуы керек. Осы күндері Қазақстанда балалардың өздері қай жүзден шыққанын, алты ұрпақ ата-бабасын білгісі келетінін байқадым. Бата мәдениетте жас ұрпақ арасында әлі де сақталып келеді. Демек, сіздер дұрыс бағытта келе жатсыздар!

Қызықты әңгімеңіз үшін рақмет!