Жоғары медицина мектебінің 1 курс студенті, «Kazmed Zhastary» волонтерлік ұйымының мүшесі Файзулла Жанасқа Алғыс хат пен «Ualikhanov University дамуына қосқан үлесі үшін» I дәрежелі медалі табысталды.

2026 жылғы 13 наурыз күні таңғы сағат 9 шамасында 103 қызметіне шұғыл шақырту түскен. Қоғамдық орында ес-түссіз жатқан ер адамға көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жедел жетеді.

Сол бригаданың құрамында Жанас та болған.

Науқастың жағдайы аса ауыр болды: тыныс алуы болмаған, тамыр соғысы анықталмаған, қан қысымы - 0/0. Дәрігерлер жүрек тоқтауын және клиникалық өлім жағдайын тіркеді. Дереу басталған реанимациялық шаралардың нәтижесінде науқастың жүрек қызметі қалпына келтірілді. Кейін ол Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының кардиоорталығына жеткізіліп, тиісті ем қабылдап, сауығып шықты.

Аталған жағдай Ualikhanov University студентінің кәсіби дайындығының жоғары деңгейін, төтенше жағдайда жедел әрі нақты әрекет ете алу қабілетін көрсетті. Бұл - университет үшін үлкен мақтаныш. Файзулла Жанастың батылдығы мен кәсібилігі - баршамызға үлгі.Бүгінде Ualikhanov University Жоғары медицина мектебі халықаралық талаптарға сай білікті мамандар даярлап, заманауи инфрақұрылым мен симуляциялық технологиялар арқылы студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.

Жас маманға алдағы оқуында және медицина саласындағы қызметінде толағай табыс тілейміз. Медицина жай ғана мамандық емес, бұл - адам өміріне қызмет ететін ұлы миссия