2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бұл бастама адал еңбектің беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға, сондай-ақ еңбекті елдің тұрақты дамуының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуге бағытталған.

Ualikhanov University-де 230-дан астам кіші техникалық қызметкер еңбек етеді. Олардың күнделікті, көп жағдайда көзге көріне бермейтін, алайда аса маңызды еңбегі университеттің үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Құттықтау сөзінде университет ректоры М. Сырлыбаев осы сала қызметкерлерін қолдау мәселелеріне әрдайым ерекше көңіл бөлінетінін және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті.

Сонымен қатар ректор университеттің және Ақмола облысының дамуына қосқан қоғамдық және әлеуметтік үлесі үшін бірқатар белсенді студенттерге де Алғыс хаттар табыстады.

Атап өтсек, Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған облыстық байқауда «Мейірім» волонтерлік ұйымы «Облыстық үздік жастар ұйымы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Ұйымның белсенді мүшелері - Муталлабова Жібек, Жүнісбек Ұлдана, Дарханбек Аяулым, Хуат Ахсунхар 500 000 (бес жүз мың) теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Сондай-ақ, Сайлаубаева Милана «Үздік волонтерлік жоба» байқауында BILIM бағыты бойынша 500 000 теңге көлеміндегі гранттың иегері атанды.

Аталған жетістіктер адал еңбек, жауапкершілік және белсенді азаматтық ұстанымның университет қызметкерлері мен студенттері үшін ортақ әрі басты құндылықтар екенін айқын көрсетеді.

Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсысына университетіміздің абыройын арттыру жолындағы еңбектері мен істері үшін зор алғысымызды білдіреміз!