21-22 сәуір 2025 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында «My Fair» халықаралық білім көрмесі өтті. Көрмеге Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Литва, Беларусь, Түркия және басқа да елдердің жоғары оқу орындары қатысты. Көрмені қатысушы мемлекеттердің елшілері тамашалады.

Көрмеге Ташкент қаласының және жақын маңдағы қалалардың 9-11 сынып оқушылары, сондай-ақ кәсіптік бағдар берушілер, педагогтар мен ата-аналар қатысты. Қатысушылар саны шамамен 12 000 адамды құрады.

«Медицина», «Аударма ісі», «Банк ісі және қаржы менеджменті», «Бухгалтерлік есеп пен экономикалық талдау», «Психология», «Ақпараттық жүйелер», «Юриспруденция» және педагогикалық білім беру бағдарламалары ерекше қызығушылықты тудырды.

Шығарылған топтың қатысушылары (Баткалова А.Ж., Капышев А.К.) университетімізге мотивациялық эссе мен аттестаттың орта балы негізінде гранттық бағдарлама бойынша және ақылы оқу негізінде түсу мүмкіндіктері туралы айтты. Оқушылар стипендия алу арқылы тегін оқу мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Олар Ш.Уәлиханов атындағы университетпен, университеттің білім беру бағдарламаларымен, профессор-оқытушылар құрамымен және университетіміздің студенттерге ұсынатын мүмкіндіктерімен виртуалды түрде танысты.

Көрме аяқталғаннан кейін қазақ тілінде оқытатын №1, №103 және №344 мектептерінің оқушыларымен бірнеше кездесу өтті. Бұл мектептерде ұлты қазақ, бірақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын 60-тан астам бала білім алуда.

Бұл мектептермен және Өзбекстандағы басқа да оқушылармен жұмыс онлайн форматта жалғасады.