Бүгін Ualikhanov University алаңында жаңа Конституция жобасын талқылау мақсатында Облыстық Халық коалициясы мүшелерімен ресми кездесу өтті
Іс-шараға «Тыныс» АҚ бас директоры Қалманбаев Қайрат Жаныбайұлы, Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Алтайұлы Әкімов және тарихшы-ұстаз Бауыржан Қайыркенович Ибраев қатысып, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларға Конституция жобасының негізгі бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны, олардың қоғамдық-саяси дамуға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға ықпалы жан-жақты талқыланды. Спикерлер Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы әрі елдің ұзақмерзімді стратегиялық дамуын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.
Жиын сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Мұндай ашық диалог алаңдары білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Референдум – әр азаматтың ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіретін маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Осы тарихи кезеңде университет ұжымы білім алушылардың саналы әрі жауапты шешім қабылдауына бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.