2025 жылғы 11 қыркүйекте Астанада «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандықтары бойынша кадрлар даярлау бағытындағы РОӘК жобаларды басқару тобының оқу-әдістемелік бірлестігінің семинар-мәжілісі өтті. Бұл семинардың негізгі мақсаты – аталған курстардың материалдары мен тақырыптарын пәндердің оқу бағдарламаларына енгізу бойынша әдістемелік тәсілдерді талқылау және тәжірибе алмасу.
Семинар жұмысына Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері, TechOrda AstanaHub IT-мектептері, сондай-ақ елдің 48 жоғары оқу орнынан келген оқытушылар қатысты. Ualikhanov University математика, физика және информатика кафедрасының меңгерушісі Костангельдинова А.А. «Жасанды интеллектіні оқу бағдарламаларына енгізудегі сын-қатерлер мен мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, «6В01513 — Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасы аясындағы «Жасанды интеллектке кіріспе» пәнінің силлабусын ұсынды. Талқылау нәтижесінде бұл силлабус TechOrda AstanaHub тарапынан мақұлданатын болды.
Семинар тәжірибе алмасуға және жаңа технологияларды білім беру үдерісіне енгізудің үздік тәжірибелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Оның өзектілігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап өткен цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелерімен тығыз байланысты. IT-курстар мен ЖИ пәндерін ЖОО-лардың оқу бағдарламаларына енгізу — «цифрлық мемлекет» құру және жаңа технологияларды меңгерген бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудағы маңызды қадам.
Ualikhanov University оқытушылары мен әдіскерлері де ЖИ саласында жүйелі түрде білімдерін жетілдіруде. 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы маусым аралығында математика, физика және информатика кафедрасының оқытушылары IT-мектептердің «Жасанды интеллект» және «GameDev» курстарын өтті.
Осылайша, Ualikhanov University еңбек нарығының талаптарына және IT саласындағы жаңа сын-қатерлерге сай оқу бағдарламаларын үздіксіз жаңартып, жетілдіріп келеді.