Interlinks жобасы аясында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне Ұлыбританиядан Nottingham Trent University делегациясы келді.Бас оқытушы Севиор Мартин Дэвид пен аға оқытушы Сэмюэл Кристофер Баркли Ualikhanov University басшылығымен кездесіп, алдағы серіктестік туралы талқылады.

Айта кетейік, көкшетаулық жоғары оқу орны Британдық кеңестен бірнеше рет грант алған болатын және бұл оқу жылы да ерекшелік болған жоқ.

2023 жылы Ualikhanov University Nottingham Trent University-мен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Interlinks грантын жеңіп алды. Жобаның басты мақсаты – "Шет тілі: екі шет тілі" магистратура бағдарламасына TESOL элементтерін енгізу. Университеттің 22 оқытушысы кәсіби біліктілігін шыңдап, TKT сертификаттау тестін сәтті тапсырды.Шетелдік делегацияның келуіне орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.

Меймандар университет түлектерімен, магистранттарымен және докторанттарымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ болашақ ғылым докторларына диссертациялық жұмыс бойынша кеңес берді.

Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің қызметкерлері шетелдік делегацияның қатысумен дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Кездесуден кейін interlinks жобасын іске асыру бойынша жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ қос университеттің алдағы уақытта жүзеге асатын бірлескен жобалары мен бағдарламаларын дамыту жоспарлары әзірленді.

Ualikhanov University мен Nottingham Trent University арасындағы серіктестік өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және жергілікті студенттердің білім сапасын жақсарту үшін үлкен әлеуетке ие екенін атап өту маңызды.

Nottingham University – 1881 жылы құрылған Ұлыбританияның Ноттингем қаласында орналасқан жетекші қоғамдық зерттеу университеті. Ол Russell Group британдық университеттерінің элиталық қауымдастығының мүшесі, сонымен қатар QS World University Ranking рейтингінде 100-ші орында. ЖОО-да Альберт Эйнштейн, Махатма Ганди және Герберт Уэллс сияқты танымал тұлғалар сабақ берген.