Ualikhanov University студенттері ашық сот отырысына қатысты
2026 жылғы 5 наурызда Ualikhanov University студенттері «Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында Ақмола облыстық соты мен Ақмола облыстық прокуратурасың қолдауымен ұйымдастырылған ашық сот процесіне қатысты.
Ашық сот отырысы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 297-бабының 3-бөлігі 1,3-тармақтары бойынша қаралған қылмыстық іс шеңберінде өтті. Аталған бапта есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында дайындау және өткізу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Ашық сот процесі екі форматта ұйымдастырылды - офлайн форматта сот отырысы залында 100-ге жуық студент тікелей қатысты, ал 200-ге жуық студент университет аудиториясында онлайн бейнетрансляция арқылы сот процесін бақылап отырды. Мұндай формат сот жүйесінің жұмысын кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік берді.
Сот барысында қазіргі қоғамда, әсіресе жастар арасында кең таралып отырған есірткі заттарын «жасырын орындарға қалдыру» немесе «закладка» деп аталатын заңсыз әрекеттердің қауіптілігі туралы айтылды. Кейбір жастар мұндай әрекеттерді жеңіл әрі жылдам табыс көзі ретінде қабылдайды. Алайда олар бұл істің артында ауыр қылмыстық жауапкершілік пен адамның болашағына кері әсер ететін салдарлар тұрғанын толық түсіне бермейді.
Бұл іс-шара студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және жастар арасында заң талаптарын құрметтеу мен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Көрсетілімдік сот процесі студенттерге заң талаптарын бұзудың нақты салдарын көзбен көріп, құқықтық сананы нығайтуға мүмкіндік берді.
https://kokshetv.kz/kz/news/40506