Ш. Уәлиханов атындағы КУ-нің 16 студенті 2023-2024 оқу жылының күзгі семестрінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде әлемнің беделді университеттерінде оқуын бастап, шетелдік білім беру көкжиектерін игеруге белсенді кірісті. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер», «Физика – Информатика» және «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламаларының студенттері Vytautas Magnus University (Lithuania) университетінде оқуға кірісті. «Шет тілі: екі шет тілі» бағытындағы 2, 3 және 4 курс студенттеріне Gdansk University (Poland), сондай-ақ Mykolas Romeris University (Lithuania) және Nebrija University (Spain) оқу мүмкіндігі берілді. Еуропалық университеттердегі оқудан басқа, студенттердің тағы бір тобы Вузонг Университеті және Сукмюнг әйелдер Университеті сияқты Оңтүстік Кореяның ең жақсы оқу орындарында оқиды. Сонымен қатар, осы семестрде халықаралық студенттермен алмасу бағдарламасы аясында «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының студенті Миннесота университетінде, TwinCities (АҚШ) оқуға бет алды. Жақында Ш. Уәлиханов атындағы КУ қаржыландыру есебінен көктемгі семестрде әлемнің қандай ЖОО-да және кім оқуға кететінін анықтайтын конкурс өтеді.