Бүгін Ualikhanov University-де «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Ақмола облысы прокуратурасының қолдауымен Бизнес және құқық жоғары мектебінің «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттері «Есірткіні заңсыз айналымға енгізу» тақырыбында сот отырысын қойылым форматында ұйымдастырды. Іс-шараға университеттің өзге институттары мен мектептерінің студенттері және оқытушылары қатысып, сот процесін бақылап отырды.

Іс-шараның басты мақсаты - жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Қойылым барысында студенттер өмірден алынған нақты жағдайды көріп, өздеріне қажетті қорытынды жасай алды.

Қатысушылар сот процесінің барлық кезеңдерін жоғары деңгейде көрсетіп, сот, прокурор, адвокат және өзге де тараптардың рөлдерін кәсіби шеберлікпен сомдады. Қойылым барысында құқықтық нормалардың маңызы, заң талаптарын сақтау қажеттілігі және әділ шешім қабылдаудың жауапкершілігі жан-жақты ашылды.

Мұндай тәжірибелік сабақтар тек тәрбиелік мәнге ие болып қана қоймай, құқық кафедрасы студенттерінің теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олардың құқықтық ойлау қабілетін, шешендік дағдыларын және кәсіби біліктілігін дамытуға үлкен үлес қосады.

Ualikhanov University құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Университет бұл бағытта білікті мамандар даярлаумен қатар, қоғамға жауапты, заңға құрметпен қарайтын саналы азаматтарды тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

#заңжәнетәртіп #законипорядок