Бүгін Еуразиялық ұлттық университеттің қабырғасында Қазақстанның жетекші университеттері, бизнес, ғылым және мемлекеттік институттар өкілдерін біріктіретін Стратегиялық серіктестер форумы басталды. Форум тәжірибе алмасуға және білім саласында озық цифрлық технологияларды насихаттауға бағытталған.
Форумның басты іс-шараларының бірі – еліміздің білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық құзыреттерді арттыруға арналған AI-Sana Ceremony болды.

Ualikhanov University форум аясында өз цифрлық экожүйесінде әзірленген үш интеллектуалды шешімін таныстырды:
ZhanymAI - студенттерге арналған психологиялық қолдау боты
Техникалық қолдау боты
Қабылдау комиссиясының виртуалды көмекшісі - онлайн-кеңесші

Бұл жасанды интеллект агенттері университеттің цифрлық жүйесінде сәтті жұмыс істеп, студенттерге, талапкерлерге және қызметкерлерге жедел әрі сапалы қолдау көрсетіп келеді.
Ualikhanov University мемлекет басшысы бастамасымен іске асырылатын республикалық AI-Sana жобасына белсенді қатысып, жасанды интеллект негізіндегі қызметтерді дамыту арқылы инновациялық университетті қалыптастыру бойынша жұмыстарын жалғастыруда.