2026 жылғы 24 - 27 ақпан аралығында Ualikhanov University-де «Қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу» атты төрт күндік воркшоп өтті. Аталған іс-шараға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, жоғары мектептер мен институттардың қызметкерлері, сондай-ақ басқару персоналы қатысты.

Воркшоптың негізгі мақсаты - қос дипломды білім беру бағдарламаларын (ҚДББ) әзірлеу мен іске асырудың тәсілдері, қағидаттары және тетіктері бойынша ортақ түсінік қалыптастыру, сондай-ақ оларды университеттің институционалдық практикасына енгізудің келісілген моделін айқындау болды.

Іс-шара British Council қолдауымен ұйымдастырылып, халықаралық сарапшылық сүйемелдеу аясында трансұлттық білім беру мен академиялық серіктестік саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер ұсынылды. Халықаралық сараптама мен құрылымдалған әдіснамалық тәсіл қатысушыларға қос дипломды бағдарламаларды жекелеген жоба ретінде емес, университеттің стратегиялық дамуының жүйелі құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында қатысушылар ҚДББ-ны университет дамуының стратегиялық, академиялық және институционалдық тетігі ретінде кешенді түрде зерделеді. Сессиялар барысында:

  • қос дипломды білім беру бағдарламаларының тұжырымдамалық модельдері мен терминологиясы;
  • ҚДББ-ның университеттер, оқытушылар және студенттер үшін стратегиялық құндылығы;
  • Қазақстан Республикасындағы нормативтік және институционалдық негіздер;
  • енгізу барысында туындайтын негізгі кедергілер мен тәуекелдер;
  • бірлескен білім беру бағдарламаларын жобалаудың әдіснамалық тәсілдері кеңінен қарастырылды.

Сондай-ақ воркшоп барысында ұлттық талаптарды халықаралық стандарттармен үйлестіру, оқу нәтижелерінің сәйкестігін қамтамасыз ету және орнықты академиялық серіктестік модельдерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Воркшоптың екінші кезеңінде қатысушылар ҚДББ-ны әзірлеу мен енгізудің қолданбалы аспектілеріне көшті. Атап айтқанда, халықаралық серіктестіктегі кредиттік технологиялардың рөлі, оқу жоспарлары мен академиялық нәтижелерді салыстыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы тетіктері, қос дипломды бағдарламаларды институционализациялау және бірлескен бағдарламалардың сапасын басқару жүйелері талқыланды.

Жұмыс интерактивті топтық талдау және жобалау форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар теориялық негіздерді талқылап қана қоймай, университет базасында қос дипломды бағдарламаларды әзірлеу мен енгізудің нақты жол картасын қалыптастырды.

Воркшоп нәтижесінде қос дипломды бағдарламаларды университеттің академиялық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, халықаралық кеңістіктегі танымалдылығын күшейтудің және жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасудың тиімді құралы ретінде қарастыратын ортақ стратегиялық көзқарас қалыптасты. Дамытудың басым бағыттары айқындалып, қолданыстағы білім беру бағдарламаларының әлеуеті бағаланды және сапаны қамтамасыз ету мен басқару бойынша нақты қадамдар белгіленді.

Іс-шара соңында қатысушыларға Ualikhanov University мен British Council бірлесіп берген сертификаттар табысталды. Бұл халықаралық серіктестіктің жоғары деңгейін және алынған тәжірибенің маңыздылығын айқындай түсті.Аталған воркшоп университеттің халықаралық даму стратегиясын іске асырудағы маңызды кезеңге айналып, қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде дамытуға бағытталған стратегиялық диалог алаңын қалыптастырды.

Университет атынан British Council ұйымына кәсіби қолдау көрсетіп, құнды сараптамалық тәжірибесімен бөліскені үшін шынайы алғыс білдіреміз.