2022 жылғы 26 қазан күні Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде көп жылдардан бері ұстаздық қызмет атқарып, бар саналы ғұмырын университеттің дамып-өркендеуіне, сондай-ақ жас ұрпаққа сапалы білім беруге арнаған ұлағатты-ұстаз, п.ғ.д., профессор Қожабаев Қайыржан Ғабдолұлының құрметіне «Мемориалды естелік тақтасының» ашылу салтанатты өтті.Университеттің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Қожабаев Қайыржан Ғабдолұлының құрметіне арналып, Көкше төріндегі ардагер ұстаз тұрған Абай көшесі, 61 мекен-жайында орналасқан үйдің қабырғасына Мемориалдық тақта орнатылды.Қайыржан Қожабаев білім ордасы ашылғаннан бері еңбек еткен ардагер ұстаздардың бірі. Ғалым кафедрада қарапайым математика пәнінің мұғалімінен бастап, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, физика-математика факультетінің деканы, тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры қызметтерін абыроймен атқарған ғалым-ұстаз.1992 жылдан бүгінге дейін математика кафедрасының профессоры болып табылыды. Ардагер-ұстаз 100-ден астам ғылыми еңбек жазып, бірнеше оқу-әдістемелік және оқу құралдарының авторы атанды. Қайыржан Қожабаевтың тікелей басшылығымен мектептер мен жоғары оқу орындарында докторлық, 4 кандидаттық диссертациялар әзірленіп, сәтті қорғалды. Қайыржан Ғабдолұлы көптеген грамоталар мен жоғары наградалардың иегері.Салтанатты шараға Ақмола облысының және Көкшетау қаласының зиялы қауымы, соның ішінде қоғам және мемлекет қайраткерлері, облыстық және қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағалары, Қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, облыстық және қалалық газеттердің редакторлары, ғалымның жора-жолдастары, сондай-ақ білім ордасының оқытушы-профессорлары мен студент-жастары қатысты. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректоры Марат Сырлыбаев және қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шияп Алиев құттықтау сөз сөйлеп, Қайыржан Ғабдолұлына арналған Мемориалдық ескертіш тақтаның ашылу рәсімін жасады.Салтанатты шара барысында білім ордасының оқытушы-профессорлары Хайролла Байшагиров, Бәрия Жахина, Рашид Мусайбеков және Көкшетау» газетінің бас редакторы, журналист Серік Жетпісқалиев, қаласының құрметті азаматтары Қайыржан Қожабаев туралы естелік тілек сөздер айтып, ғалымның ұстаздық сара жолдарынан ақпар берді.Мәдени шара соңында ұлағатты ұстаз Қайыржан Ғабдолұлының жұбайы Бақытжан апай, туған інісі Рахымжан Қожабаев туған-туысқандары атынан Көкшелік азаматтарға, бүгінгі игілікті іс-шараны ұйымдастырып отырған университет әкімшілігіне, әсіресе математика, физика және информатика кафедрасының ұстаздарына өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.Бүгінгі есте қаларлық игілікті іс-шара келешек ұрпаққа, ел жастарына үлгі-өнеге болары сөзсіз. Ұлыларымыз ұлықтала берсін, ағайын!