2022 жылғы 21 қазан күні бүгінде білім ордасының қарашаңырағына айналып отырған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде көп жылдардан бері ұстаздық қызмет атқарып, бар саналы ғұмырын университеттің дамып-өркендеу ісіне арнаған ұлағатты-ұстаз, ф.ғ.к., доцент Ж. Мусиннің құрметіне «Мемориалды естелік тақтасының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Университеттің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылып отырған игілікті іс-шара барысындағы Мемориалдық тақта Көкшетау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы, қоғам қайраткері, оқу-ағарту ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері, ғалым-ұстаз Мусин Жағыпар Мұсаұлының құрметіне арналып, ардагер ұстаз тұрған Держинский көшесі, 93 мекен-жайында орналасқан үйдің қабырғасына орнатылды.
Жағыпар Мусин Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ашылуына ұйтқы болады. Ашылған мамандық бойынша алғаш кафедра меңгерушісі, факультет деканы, сырттай оқу бөлімінің проректоры, сондай-ақ Көкшетау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы сияқты басшылық жұмыстарды абыроймен атқарған ғалым-ұстаз.
Мәдени шараға Көкшетау қаласының тұрғындары, соның ішінде қоғам және мемлекет қайраткерлері, облыстық және қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағалары, Қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, облыстық және қалалық газеттердің редакторлары, сондай-ақ білім ордасының ғалым-ұстаздары қатысты.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманбай Сейітқасымов, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, ардагер-ұстаз Аманжол Есмағұлов өздерінің құттықтау сөздерін айтып, Жағыпар Мұсаұлына арналған Мемориалдық ескертіш тақтаның ашылу рәсімін жасады.
Салтанатты шара барысында Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Ғосман Төлеғұл, қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шияп Алиев, білім ордасының профессорлары Бәрия Жахина, Аманжол Есмағұлов және «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл сынды ел азаматтары ғалым-ұстаз Жағыпар Мұсаұлы туралы естелік тілек сөздер айтып, ғалымның ұстаздық сара жолдарынан ақпар берді. Сондай-ақ, білім ордасының талантты студент-жастары ғалымның құрметіне өздерінің Арнау өлеңдерін де оқыды.
Мәдени шара соңында ұлағатты ұстаз Жағыпар Мұсаұлының туған-туысқандары мен ұл-қыздары Көкше азаматтарына, сондай-ақ бұндай игілікті іс-шараны ұйымдастырып отырған университет әкімшілігіне, әсіресе Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұстаздарына өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.Бүгінгі есте қаларлық игілікті іс-шара келешек ұрпаққа, ел жастарына үлгі-өнеге болары сөзсіз. Ұлыларымыз ұлықтала берсін, ағайын!