Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында жазушы және журналист Жанайдар Баймырзаұлы Мусин атындағы аймақтық әдеби-зерттеу кабинетінің салтанатты ашылуы өтті.
Кабинет Жанайдар Мусиннің шығармашылық мұрасын жүйелі түрде зерттеуге және студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға бағытталған. Ашылуына қаламгердің туған-туыстары қолдау көрсетті, бұл отбасының әдеби мұраға деген жауапкершілігін және оны білім беру үдерісіне енгізуге деген ықыласын айқындайды.
Салтанатты шараға Жанайдар Мусиннің туыстары мен ұрпақтары, университет басшылығы, жазушы-журналист Серік Жетпісқалиев, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.
Жанайдар Баймырзаұлы Мусин – Зеренді өңірінде туған, қазақ әдебиеті мен журналистикасына елеулі үлес қосқан қаламгер. Оның шығармашылығы азаматтық ұстанымымен, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтеруімен және ұлттық құндылықтарды дәріптеуімен ерекшеленеді.
Ашылған әдеби-зерттеу кабинеті студенттерге Жанайдар Мусиннің шығармашылығын ғылыми айналымға енгізуге, курстық және дипломдық жұмыстардың тақырыптарын кеңейтуге, сондай-ақ жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды академиялық алаңға айналмақ.