17 наурыз күні өткен мерекелік іс-шара ұлттық рух пен дәстүрге толы ерекше атмосферасымен есте қалды. Іс-шара барысында студенттер арасында асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты.

Сонымен қатар ұлттық тағамдарға толы ақ дастарқан жайылып, студенттер наурыз көжеден дәм татып, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Мерекенің мәнін арттыра түскен сәттердің бірі - қарияларымыздың ақ батасы мен ізгі тілектері болды. Сондай-ақ студенттер мен оқытушылар арасында

«Жеті қазына» зияткерлік ойыны өткізіліп, ұлттық құндылықтар тақырыбында мазмұнды әрі қызықты сайыс ұйымдастырылды.Ең әсерлі тұсы - студенттер мен оқытушылардың ұлттық киім киіп, оқу ордамызды шынайы Наурыз мерекесінің ордасына айналдыруы болды.

Бұл күн барша қатысушыларға көктемнің шуақты көңіл-күйін сыйлап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртқан ерекше мереке ретінде есте қалды.Мұндай іс-шаралар - біздің тарихымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеп, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіруде маңызды рөл атқарады.

Шаңырақ - халқымыз үшін бірлік пен татулықтың, ұрпақ сабақтастығының қасиетті нышаны. Біздің оқу орнымыз да - студенттер мен оқытушыларды біріктірген үлкен әрі берекелі қара шаңырақ.Бұл күн бір шаңырақ астындағы ынтымақ пен бірліктің маңызын айқын көрсетіп, жүректерге жылулық сыйлады.

Шаңырағымыз биік, керегеміз кең, бірлігіміз бекем болсын!
Әз-Наурыз әр шаңыраққа құт-береке әкелсін!