Ғылым күні қарсаңында Ualikhanov University-дің ғылыми жұмыс және өңірмен өзара әрекеттесу жөніндегі проректоры Айгүл Жақыпова университетте ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өткізді. Аталған кездесу дәстүрлі түрде сәуір айында өтетін Ғылым айлығының бастау алуына негіз болды.

Кеңеске институттар мен мектептердің басшылары, кафедра меңгерушілері, департамент директорлары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясындағы ғылыми жобалардың («Жас ғалым» бағдарламасы, жас ғалымдар конкурстары) жетекшілері, сонымен қатар университетішілік қаржыландыру жобаларының жетекшілері қатысты. Бұл кәсіби ғылыми қауымдастық университеттің ғылыми әлеуетін қалыптастырып келе жатқан және оның стратегиялық даму бағытын айқындайтын негізгі ғалымдар мен эксперттердің құрамы болып табылады.

Кездесу барысында 2025 жылғы ғылыми қызметтің қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған басым міндеттер айқындалды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға, олардың практикалық маңыздылығын күшейтуге және әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ғылыми қызметті қоғам сұранысына бағдарлау және инновациялық экожүйені дамыту қажеттілігі атап өтілді.

Өз сөзінде Айгүл Досжанқызы мемлекеттік деңгейде қойылған міндеттерге де айрықша мән берді. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына, сондай-ақ Үкімет жанынан инновациялық штабтың құрылуына байланысты ғылыми қауымдастық алдында жаңа талаптар қойылып отырғанын атап өтті. Осыған орай ғылыми зерттеулерде цифрлық технологияларды кеңінен қолдану, пәнаралық бағыттарды дамыту және зерттеу этикасы қағидаттарын сақтау маңыздылығы көрсетілді.
Кеңес аясында ғылыми жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері қарастырылды, оның ішінде:

  • жобаларды іске асырудың күнтізбелік жоспарларын сақтау;
  • олардың орындалуының бақылауын күшейту;
  • ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарына алдын ала дайындық.

Сонымен қатар ғылыми жобаларға ұсынылатын өтінімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ішкі сараптама мен аудит жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.

Сондай-ақ кездесу барысында ғылыми кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ғылыми консультанттарға қойылатын біліктілік талаптарын сақтау, олардың докторанттарды сүйемелдеудегі рөлін күшейту, сондай-ақ диссертациялық зерттеулерді уақытылы қорғауға шығару бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Ualikhanov University-де сәуір айы ғылым айлығы аясында өтуде. 15 сәуірден бастап зерттеу мәдениетін дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға және университеттің ғылыми жетістіктерін ілгерілетуге бағытталған бірқатар ауқымды ғылыми іс-шаралар жоспарланған.
#ғылымкүні