2026 жылғы 12 ақпанда Ualikhanov University-де студенттерге арналған «Жеке бостандыққа құқық: зорлық-зомбылыққа, сталкингке және некеге мәжбүрлеуге қатысты құқықтық негіздер мен жауапкершілік» тақырыбында ашық дәріс өтті.
Іс-шара құқықтық сауаттылықты арттыру және мәжбүрлі некеге тұрғызуға, сталкингке және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылық түрлеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық науқан аясында, сондай-ақ «Заң және тәртіп» мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Спикерлер ретінде Көкшетау қаласы Полиция басқармасының аға лейтенанттары Хайнуллина Индира Сансызбайқызы мен Батқола Есмырза Жеңісұлы сөз сөйледі. Кездесу барысында студенттермен жеке шекараны қорғаудың құқықтық негіздері, өзгенің таңдауы мен жеке кеңістігіне, пікіріне құрметпен қарау мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген зорлық-зомбылық, сталкинг және мәжбүрлі некеге тұрғызу үшін жауапкершілік мәселелері талқыланды. Студенттер спикерге өз сұрақтарын қойып, қоғам үшін өзекті тақырыпты белсенді түрде талқылады.
Мұндай іс-шаралар заманауи жастарды тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқықтық сананы арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 115-1-бап «Сталкинг» енгізіліп, адамның еркінен тыс заңсыз жүйелі түрде қудалау (мазасыз қоңыраулар, хабарламалар, аңду) үшін жауапкершілік белгіленді.
Ualikhanov University «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың құқықтық санасын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.