Ualikhanov University-де Ұлттық ойындар күні атап өтілді
Бүгін Ualikhanov University-де Ұлттық ойындар күніне орай студенттер арасында ұлттық ойындар жарысы ұйымдастырылды. Дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара барысында қатысушылар тоғызқұмалақ, асық ату, қол күрес, гір тасын көтеру және арқан тарту сынды ұлттық ойын түрлерінен бақ сынады. Биылғы бағдарламаның ерекшелігі ретінде жаңа ойын - таяқ тарту енгізіліп, студенттер арасында ерекше қызығушылық тудырды.
Жарысқа қатысушылар жоғары белсенділік танытып, тек күш пен ептілікті ғана емес, сонымен қатар төзімділік пен ұйымшылдықтың да үлгісін көрсетті. Әрбір ойын тартысты өтіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Ұлттық ойындар - жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, ұлттық мұраны жаңғыртып, рухани құндылықтарды дәріптейтін маңызды алаң. Мұндай бастамалар ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жастардың бірлігін нығайтуға ықпал етеді.