2 - 4 наурыз аралығында университетте Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті. Іс-шараның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы - университет психологы Манапова Алтын Оразовна. Шараға «Soft Skills Lab» психологиялық клубының «Психология» білім беру бағдарламасының ПР-241 тобының студенттері белсенді қатысты. Сонымен қатар, шетелдік студенттер де атсалысты. Іс-шараның мақсаты – студенттік ортада алғыс айту мәдениетін қалыптастыру, тұлғааралық қарым-қатынасты нығайту, эмпатия мен позитивті ойлауды дамыту. «Сен бар болғаның үшін рақмет!» атты «Алғыс жәшігі» акциясы аясында студенттер арнайы карточкаларға жылы лебіздерін жазды. Олар достары мен топтастарына алғыс білдіріп қана қоймай, университет оқытушыларына көрсеткен қолдауы, берген білімі мен тәлімгерлігі үшін ризашылықтарын жеткізді. Сонымен қатар, студенттер аналары мен әкелеріне, ата-аналары мен туыстарына сүйіспеншілігін білдіріп, қамқорлығы мен сенімі үшін шынайы алғыстарын жазды.Шара барысында қатысушылар өмірлеріндегі маңызды адамдар туралы айтып, өздері шын жүректен алғыс білдіретін жандар жайында бөлісті. Барлық хаттар өз иелеріне жеткізілді: студент-практиканттар алғыс хаттардың жолдануын ұйымдастырды.Акция жылы, сенімді әрі эмоционалдық қолдау атмосферасында өтті. Студенттердің айтуынша, алғыс айту тәжірибесі мазасыздықты азайтып, ішкі ресурсты нығайтуға, эмоционалдық жақындықты арттыруға және өмірге деген оң көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, университет психологы Мазбаева Гүлден Амантаева Алғыс айту күніне орай жатақханада студенттер арасында «Жайлы жағдай жасауға үйрету» атты тренинг өткізді. Тренинг студенттерді біріктіруге және алғыс білдіру мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Негізгі әдістер ретінде рөлдік ойындар, пікірталас, достық қарым-қатынас орнату, қызығушылық пен сенімге негізделген байланыстарды дамыту, сондай-ақ эмоционалдық эмпатияға баса назар аударылды.