Ualikhanov University-де «Қазіргі филологиялық білім беру кеңістігіндегі интеграциялық үдеріс: педагогикалық трендтер мен полипарадигматикалық ұстанымдар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жахина Бәрия Бадыққызының 70 жылдық мерейтойына арналды.
Бәрия Бадыққызы Жахина - қазақ тілі мен оны оқыту әдістемесі саласындағы жетекші ғалымдардың бірі, 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ол өзінің терең ғылыми-педагогикалық тәжірибесі арқылы Ualikhanov University-де білікті филолог мамандарды даярлау мен филология ғылымын дамытуға зор үлес қосып келеді. Ғалымның еңбегі еліміздің педагогикалық ғылымы мен білім беру жүйесінің өркендеуіне айрықша ықпал етіп, ұлттық ғылымның дамуына серпін беруде.
Конференцияға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Ресей елдерінің ғалымдары, педагогтары, докторанттары мен магистранттары және тәжірибелі мамандары қатысты. Форум қазіргі филологиялық білім берудің негізгі бағыттарын, үдерістерін және қазақ тілінің өзекті мәселелерін талқылаудың маңызды академиялық алаңына айналды.
Пленарлық отырыстарда тіл мен таным, Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесінің эволюциясы, жаһандану жағдайындағы қазақ әдеби тілінің әлеуметтік-коммуникативтік рөлі, түркі тілдерін салыстырмалы зерттеу, сондай-ақ функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған тақырыптар қарастырылды.
Бұл конференция профессор Б.Б. Жахина қалыптастырған филологиялық ғылыми мектептің терең тамыры мен академиктің жоғары ғылыми беделін айқын көрсеткен маңызды іс-шара болды.Университет атынан Бәрия Бадыққызына шынайы алғысымызды білдіре отырып, зор денсаулық, сарқылмас шабыт және ғылым жолындағы жарқын жетістіктер тілейміз!
Сіздің өнегелі еңбегіңіз бен ғылыми мұраңыз талай буын ғалымдары мен педагогтарының жолына бағдар болып қала беретініне сенімдіміз.