20 ақпан күні Ualikhanov University-де профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлерінің Көкшетау қаласы Полиция басқармасының бастығы Н.Ж. Ақтановпен кездесуі өтті.
Іс-шара барысында соңғы жылдары кеңінен таралып отырған интернет және телефон алаяқтығының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері жан-жақты талқыланды. Құқық қорғау органдарының өкілдері алаяқтардың ең жиі қолданатын тәсілдері туралы айтып берді: «банк қызметкері» немесе «қауіпсіздік қызметі» атынан қоңырау шалу, жалған ұтыстар мен өтемақылар туралы хабарламалар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық, сондай-ақ жеке деректерді заңсыз пайдалану арқылы несие рәсімдеу жағдайлары.
Кездесуде цифрлық гигиена мен жеке қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға:
🔹 жеке деректерді, банк картасының реквизиттерін және растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу;
🔹 күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды жүктемеу;
🔹 ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру;
🔹 күдікті жағдай туындаған кезде құқық қорғау органдарына дереу жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Университет қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, цифрлық ортада өздерін және жақындарын қорғау бойынша нақты ұсынымдар алды.
Мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттыруға, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және университет пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
#заңментәртіп #законипорядок