Ualikhanov University-де Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Бектаев Ернар бастаған делегациямен кездесу өтті. Іс-шара өңіраралық ынтымақтастықты дамыту аясында ұйымдастырылып, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» («Серпін – 2050») мемлекеттік әлеуметтік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне, сондай-ақ университетте білім алып жатқан Түркістан облысынан келген студенттерді қолдауға арналды.

Ualikhanov University-де «Серпін - 2050» бағдарламасы аясында 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін 4 292 студент білім алып, олардың 2 323-і оқуын сәтті аяқтады. Түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі - 88 %. Қазіргі таңда университетте 23 білім беру бағдарламасы бойынша 1 681 студент «Серпін - 2050» бағдарламасы аясында білім алуда.

Іс-шара шеңберінде Ualikhanov University мен Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы» арасында «Серпін - 2050» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Ректор Сырлыбаев Марат «Серпін - 2050» бағдарламасының жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі, білікті кадрлар даярлаудағы және жастардың әлеуметтік бейімделуіндегі маңызын атап өтті.

Кездесу аясында делегация мүшелері «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттердің тұрып жатқан жаңа студенттер үйін (жатақхананы) аралап, жатақхананың тұрмыстық жағдайымен, инфрақұрылымымен және студенттерге жасалған қолайлы жағдайлармен танысты.

Сонымен қатар кездесу барысында Ualikhanov University бизнес-инкубаторы аясында жүзеге асырылып жатқан стартап жобалар таныстырылып, студенттер мен жас кәсіпкерлердің инновациялық бастамаларына ерекше назар аударылды.

Кездесуге Ақмола облысының «Жастар ресурстық орталығы» КММ өкілдері, сондай-ақ Ualikhanov University-де білім алып жатқан «Серпін» бағдарламасының студенттері мен түлектері қатысты. Қатысушылар бағдарлама аясындағы жеке тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби және тұлғалық дамуға берілетін мүмкіндіктер, сондай-ақ жастарды мемлекеттік қолдаудың маңызы туралы айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол қойылған меморандум мен қол жеткізілген келісімдер ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, «Серпін - 2050» бағдарламасының табысты іске асуына серпін беретініне сенім білдірді.