Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Абылай ханның қара жолы» халықаралық ғылыми экспедициясы мүшелерінің қатысуымен студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамға арналған тарихи маңызы бар ресми кездесу өтті.
Кездесуге тарих және әдебиет саласының ғалымдары, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, экспедиция мүшелері және студенттер қатысты.
Шара барысында қатысушылар экспедицияның жүріп өткен бағыты мен жүргізілген зерттеулері туралы арнайы фильм тамашалап, бабалар ізі қалған тарихи белестермен танысты.
Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен экспедиция жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Мұратқажы Ыдырысұлына Ualikhanov University-дің «Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде табысталды. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан елеулі еңбектің лайықты бағасы.
Мұратқажы Ыдырысұлы университет кітапханасына өз туындылары мен құнды кітаптарын тарту етті.
Кездесу барысында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, экспедиция мүшелерімен еркін пікір алмасты. Бұл тағылымды жүздесу жастар үшін үлкен мотивация беріп, тарихи сананы терең түсінуге мүмкіндік жасады.
Аталған шара – тек есеп беру емес, келешек ұрпақтың санасында тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Келешекте осы ғылыми экспедиция жұмысына университеттің ғалымдары мен студенттері де белсенді түрде атсалысуы жоспарланып отыр. Ұлттық тарихты зерттеу мен насихаттау ісі жалғасын таба берсін!