Ualikhanov University-де профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Денсаулық - 2026» ХХІІІ Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты ашылу рәсіміне университет ректоры, сондай-ақ облыстың спорт ардагерлері қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ университет ұжымы арасындағы корпоративтік және командалық рухты нығайтуға бағытталған.

Спартакиадаға келесі командалар қатысуда:

  • С. Сәдуақасов атындағы Агротехникалық институты
  • Педагогикалық институт
  • Бизнес және құқық жоғары мектебі
  • Әкімшілік командасы
  • Медицина жоғары мектебі
  • Shoqan көпсалалы колледжі

Жарыстар 12 - 16 қаңтар аралығында спорттың 8 түрі бойынша өтеді, атап айтқанда:көңілді старт, волейбол, шахмат, дартс, ату, үстел теннисі, футзал және асық ату.

Биыл алғаш рет Спартакиада бағдарламасына ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында ұлттық спорт түрі - «Асық ату» енгізілді.

Спартакиададағы әділ әрі ашық төрелік етуді кәсіби қазылар алқасы қамтамасыз етеді. Оның құрамына жаттықтырушылар, спорт шеберлігіне кандидаттар, спорт шеберлері, сондай-ақ университет пен Shoqan көпсалалы колледжінің қызметкерлері кіреді.

«Денсаулық – 2026» ХХІІІ Спартакиадасы университет өмірінің маңызды бөлігі болып табылады және ұжымды салауатты өмір салты мен спортқа баулитын іс-шара болып табылады.

Барлық қатысушыларға сәтті өнер көрсетіп, тартысты да әділ жарыс және жарқын жетістіктер тілейміз!