Бүгін университетке Халықаралық үшінші жас университеттері қауымдастығының (IAUTA) президенті, профессор Франсуа Веллас және қауымдастық басқармасының мүшесі, Братиславадағы Экономикалық университет жанындағы Үшінші жас университетінің директоры профессор Янка Себера Хладечка сапармен келді. Құрметті қонақтар Ualikhanov University жанындағы Күміс университетінің 5-маусымының салтанатты ашылуына қатысты.
Күміс университеті - аға буын өкілдеріне арналған білім беру бағдарламасы. Ол «lifelong learning» - өмір бойы білім алу қағидаты негізінде жүзеге асырылады. Өткен төрт маусымда 522 тыңдаушы оқуды тәмамдаса, биыл тағы 138 адам қабылданды.
Қатысушылар үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Онда когнитивтік функцияларды дамыту, әлеуметтік желілердегі маркетинг, күнделікті өмірде жасанды интеллектіні қолдану, ағылшын тілі және басқа да курстар қарастырылған. Биыл барлығы 19 курс ұсынылды.
IAUTA қауымдастығымен ынтымақтастық Күміс университетін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Халықаралық сарапшылар кеңес беріп, тәжірибелерімен бөлісуде.
Ualikhanov University бұл жобаның қоғам үшін маңыздылығын терең түсіне отырып, өңірдің аға буын өкілдеріне қолдау көрсетіп, белсенді ұзақ өмір сүру бастамаларын дамытуға айрықша мән береді.