Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде көркем-графикалық мамандығының 40 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойлық шараға оқытушылар, әр жылдардағы түлектер, студенттер және шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында университет ректоры Марат Сырлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, көркем-графикалық бағыттың ардагерлеріне алғыс хаттар табыстады. Өз сөзінде ол «Көркем еңбек және жобалық графика» білім беру бағдарламасының Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жүргізетін рейтингінде бірінші орын алғанын атап өтті. Сонымен қатар «Дизайн және компьютерлік графика» білім беру бағдарламасының студенттері дизайн бойынша республикалық пәндік олимпиадаларда жыл сайын жүлделі орындарға ие болатыны айтылды.

Іс-шара аясында көркем-графикалық мамандықтың қалыптасуы мен даму тарихына арналған материалдар ұсынылды. 1991 жылы бағыттың кеңеюіне байланысты университетте сызу, сәндік-қолданбалы өнер және кескіндеме кафедралары құрылғаны атап өтілді. 2021 жылдан бастап аталған кафедралар «Шығармашылық және спорт» кафедрасының құрамында жұмыс істейді.

Қазіргі таңда шығармашылық және спорт кафедрасы сурет, кескіндеме, композиция, мүсін бойынша заманауи оқу шеберханаларымен, сәндік-қолданбалы өнер және тігін ісі шеберханаларымен, компьютерлік сыныптармен, гипс және натюрморт қорларымен қамтамасыз етілген.

Мамандықтың қалыптасу кезеңі туралы естеліктерімен кафедраның негізін қалаушылардың бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты Қамбаров К.И., С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Төлебай Шерязданов, сондай-ақ көркем-графикалық мамандықтың алғашқы оқытушыларының бірі Татьяна Коваленок бөлісті.

Іс-шара барысында әр жылдардағы түлектер арасында сурет салу байқауы ұйымдастырылды. «Түлектер тарихы» айдарында мамандықтың танымал түлектерінің есімдері аталды. Олардың қатарында Манарбек Бурмаганов, Әділбек Ғабдуллин, Қанат Жүнісов, Александр Трофимов-Чёрный, Владимир Быстрицкий, Дужан Магзумов және басқа да түлектер бар.

Мерейтой аясында университет қабырғасында көркем-графикалық мамандық түлектерінің әр жылдардағы бейнелеу өнері және графика бағытындағы жұмыстарынан құралған көрме ашылды.

.