Бүгін, 22 желтоқсан 2021 жылы университет ректоры Марат Қадірұлы жақында Алматы қаласындағы кәсіби боксшылар арасында өткен жарыстың чемпионы, студентіміз Талғат Шәйкенді арнайы құттықтады. Талғат Шәйкен Ш.Уалиханов атындағы КУ-нің «ФисК-81» мамандығының 4 курс студенті. Ол 11 желтоқсан Алматы қаласында «МТК Global менеджер» компаниясының ұйымдастыруымен өткен қалалық кәсіби боксшылар арасындағы жарыста украиналық боксшы Владимир Гардиенкомен 66,7 кг салмақ аралығында сарапқа салынып, 7-ші жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қазіргі рекорды – 7-0-0 (4 КО).
– Боксты 10 жасымда бастадым. Мені спорттың бұл түріне туған ағам Рахат Шәйкен алып келді. Қазіргі таңда бокспен айналысып келе жатқаныма 11 жылдан асты. Алдағы міндетім – оқуымды сәтті бітіріп, 2-ші жоғарғы мамандықпен «заңгер» мамандығын оқысам деймін. Мақсатым – абсолюттік әлем чемпионы болу, - дейді Талғат.
🏆Талғаттың әуесқой бокстағы дәрежесі: жастар арасындағы Азия чемпионы, жастар арасындағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ересектер арасындағы ҚР спартакиадасының чемпионы, халықаралық турнирлардың жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Оның қазіргі жаттығу жиындары Англияның Лондон қаласында өтіп жатыр. Қазіргі бапкері –Уильям Джонс.
Университет басшысы Талғаттың жеткен жетістігін бағалап, ІІІ дәрежелі «Ualikhanov University дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен ақшалай сыйлық тарту етті.
Педагогика факультетінің директоры Ақбота Тастанбековна университет басшысына осындай талантты жастарға әрқашан қолдау көрсететіндігіне алғыс білдірді. Университетіміздің бірнеше спорт түрлерінен жеңімпаз студенттері Талғаттың спорттағы жетістігін айта отырып, алдағы жарыстарға сәттілік тілесе, Талғат та өз кезегінде университет басшылығына алғыс білдірді.