Бүгін, 4 қараша 2021 жылы Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінде Көкшетау қаласы және Ақмола облысы орта мектептерінің 9-11 сыныптарының дарынды оқушыларын қолдауға бағытталған «Оқушылардың кіші академиясы» ғылыми жобасының 2021-2022 оқу жылдарына арналған жаңа маусымының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Бұл жоба оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыру, жетілдіру мен зерттеу қабілеттерін дамыту арқылы зияткерлік әлеуетін дамытуға және қолдауға бағытталған. Жоба университетіміздің қолдауымен 2 жылдан бері жүзеге асып келеді. Сал танатты жиынға Көкшетау қаласы және Ақмола облысы орта мектептерінің 9-11 сынып оқушылары, мектеп мұғалімдері, университет басшылығы мен кафедра директорлары қатысты.
Жобаның ашылу салтанатында «Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің» ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Жақыпова Айгүл Досжанқызы сөз сөйледі:
– Құрметті балалар, құрметті қонақтар, әріптестер! «Oқушылардың Кіші Академиясы» жобамыздың жаңа маусымының ашылуына қош келдіңіздер! Осы жобаға қатысу үшін біз ғылыми зерттеулердің тереңдігіне, өз білімін жетілдіруге құштар барлық оқушыларды шақырамыз. Жоба барысындағы біздің басты мақсатымыз – кәсіби білімін жоғары мәдени деңгеймен үйлестіре білетін, өз елінің рухани дәстүрлеріне адалдықты сақтайтын заманауи интеллигентті маманды тәрбиелеу. Себебі, мемтекетіміздің болашағы өздеріңіз секілді шығармашыл және талантты тұлғаларға тиесілі. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде осымен үшінші жыл қатарынан зерттеу мәдениетін дамытуға бағытталған оқушылар конференциясы өткізіліп келеді. Биылғы жылы да сіздердің жаңа ғылыми тың идеялар ұсынып, жақсы нәтиже көрсететіндіктеріңізге сенеміз! Алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілейміз, - деп атап өтті.
Келесі сөз кезегі Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты директоры Ысқақова Дана Манапқызы мен Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің педагогика институтының директоры Бексейтова Ақбота Тастанбекқызына берілді. Одан соң сөз кезегін жоба кординаторы, химиялық биотехнология кафедрасының меңгерушісі Нұрмұханбетова Нұргүл Нұркенқызы жалғастырып, аталған жоба бағыттарымен таныстырып өтті:
​– Жобаның бірінші бағыты – оқушыларды облыс және республикалық олимпиадаларға дайындау, екінші бағыт – ғылыми-зерттеу бағыты. Жоба барысында оқушылар топтарға бөлінеді. Біз сіздерге бағыт-бағдар беретін ментор боламыз. Кейбір мектептерде мүмкін емес зертханалық жұмыстармен университетте айналысуға мүмкіндіктеріңіз болады. Жақсы нәтижелер халықаралық ғылыми-зертханалық журналдарда жарияланатын болады. Халықаралық конкустарға шыққан оқушыларға университет тарапынан оқуға түсуге жеңілдіктер қарастырылады, - деп жас таланттарды шабыттандыра түсті.
Жобаға қатысушы мектеп оқушылары мен менторларға жемісті жұмыс, толағай табыс тілейміз!