Кеше Көкшетауда 15 қараша күні Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Шоқан Уалиханов атындағы сыйлықтың иегері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 106 жыл толуына орай даңқты жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, батыр рухына тағзым етілді.
Ардагер ескерткішіне арнап Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы мен Мәлік Ғабдуллин музейі, Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясы, Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Ақмола облысы ардагерлер кеңесі мен Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау университеті салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл іс-шараның мақсаты – қазақ халқының біртуар батырының рухына тағзым ету, жарқын бейнесін еске алу, кейінгі жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, Тәуелсіз еліміздің тарихын, мәдениетін, ұлы тұлғаларын қадірлей білуге үндеу.
Гүл шоғын қою рәсімінен кейін Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» тақырыбында IV-ші халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Жиынға Мәлік Ғабдуллин музейі, ардагерлер кеңесі, Жамбыл облысынан келген арнайы делегация (Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл) қатысты.